Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің мүлік шығынын өтеуге Үкімет резервінен 12 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media (gov.kz және primeminister.kz), бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстандағы алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлік шығынын өтеу үшін Үкімет резервінен 12 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірлік комиссиялар кәсіпкерлердің өтінімін қабылдап жатыр.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталған. Қазір өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінімін қарап, мақұлдады.

Әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша, 746 шағын және орта бизнес нысаны зардап шеккен. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафе, ТҚКО, қонақүй және басқалары бар.

«Осылайша, Үкімет резервінен 12 млрд теңгеден астам қаражат ШОБ мүлік шығындарын өтеу үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады», – деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін төтенше резервтен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы электр желілерін қалпына келтіруге 2,4 млрд теңге бөлінген. Су тасқыны болған өңірлерде инфрақұрылымға келтірілген шығын көлемі 53 млрд теңгеге жеткен. 

Осыған дейін Қазақстан Үкіметі су тасқын салдарын жоюға миллиардтаған қаржы аударған елдер, компаниялар мен кәсіпкерлердің тізімін жариялады. Тізімде екі елдің қолдау көрсеткені туралы жазған. БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі (0,88 млрд теңге) мен Сербия үкіметі (0,47 млрд теңге) аударған.

Сондай-ақ оқыңыз