Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша фигурант тағы бір қылмысы үшін істі болды
Алматы қаласының Бостандық ауданына қарасты №2 соты «Ария Жаңа Астана» ЖШС директоры Ғани Бекбосыновқа үкім шығарды. Ол жүйелі түрде салық төлеуден жалтарғаны үшін сотталды. Тиісті құжат «Сот кабинеті» порталында жарияланған.
«Ариа Жаңа Астана» ЖШС ірі көлемде салық төлеуден жалтару туралы заңсыз мақсатты көздей отырып, кәсіпорынның бухгалтерлік және салықтық есептілігі бойынша соңғысымен нақты қаржылық-шаруашылық қатынастары бойынша шаруашылық операцияларын әдейі көрсетпеген. Тауарларды жеткізуге, қызметтерді көрсетуге келісім-шарттарды іс жүзінде орындамаған», – деп жазылған құжатта.
Оның орнына тауарлық емес шот-фактураларды ақылы түрде жазып, заңсыз қызметпен айналысатын тұлғаларды іздеген.
Тергеу барысында анықталғандай, Бекбосынов кәсіпорындармен өзара есеп айырысуда салық ауыртпалығын төмендеткені анықталған. Сондай-ақ компанияның қаржы айналымын азайтып көрсету мақсатында арнайы мәмілелер жасаған. Бұған компаниялар ақылы түрде келіскен. Осылайша мемлекетке жалпы сомасы 508,7 млн теңгеден аса залал келтірілген.
Айта кететіні, «Ария Жаңа Астана» ЖШС «Вaur Қазақстан» АҚ холдингтік компаниялар тобының құрамына кірді. Компанияның акцияларының 34%-ы Гүлмира Сатыбалдыға, 33%-ы Абай Жүнісовке, 33%-ы Айбатыр Жұмағұловқа тиесілі.
Бұған дейін Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша Ғани Бекбосыновты жеті жылға шартты түрде соттаған болатын.
Еске сала кетсек, 2022 жылғы наурызда Гүлмира Сатыбалдыға 747 млн теңге жымқырды деген айып тағылған еді.
Антикор желтоқсан айында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорын үлестерін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеуді аяқтағанын хабарлады.
Сонымен қатар Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша күдікке ілінген.