Иран Қазақстанға әлемдегі ірі су бөгетіне ұқсас гидротехникалық құрылыс салып беруге ниетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Иран Қазақстанға ірі су бөгетін салып беруге ниетті Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ирандық компаниялар Қазақстанға әлемдегі ең ірі бөгеттердің бірі – «Бахтиари» ГЭС-не ұқсас су бөгетін салып беруге ниетті. Бұл туралы Иранның Энергетика министрі Әли Акбар Мехрабиа мәлімдеген.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, министрлік басшысы Нұржан Нұржігітов Иранның Энергетика министрі Әли Акбар Мехрабианмен кездескен. Тараптар жаңа гидротехникалық нысандар құрылысы мен суармалы шаруашылықтағы су шығынын азайту мәселесін талқылаған.

Осы кездесуде Әли Акбар Мехрабиан ирандық компаниялар әлемдегі ең ірі бөгеттердің бірі саналатын – «Бахтиари» ГЭС-ке ұқсас ауқымды жобаны Қазақстанда жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізген.

Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, мұндай жобалар Қазақстанның оңтүстік өңірлері – Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысы үшін қажет.

«Биылғы су тасқыны еріген қар суын қауіпсіз өткізу және одан әрі тиімді пайдалану үшін жаңа су қоймалары қажет екенін көрсетті. Ирандық компаниялар өте табысты жобаларды жүзеге асырып жатыр. Олардың жұмысының тиімділігін көргендіктен ирандық әріптестерімізбен тығыз және ұзақмерзімді ынтымақтастыққа дайынбыз», – деді ол.

Бұған дейін Иран кәсіпкерлері Қазақстанға егіс алқаптарын суғаруда қолданылатын заманауи технологиялары беретіні белгілі болды. Иран кәсіпкерлері Қазақстанға жерасты суларын пайдаланатын заманауи суару жүйелерін ұсынуға дайын. Осы технологиялардың нәтижесінде Иран күріш өсіруге жұмсалатын су шығынын едәуір азайтып, өнімділікті арттырған.

Қазақстанда елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленген.

Жобаға сәйкес, 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 9 облыста көлемі 1,9 км3 қолданыстағы 15 су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар министрлік Қазақстандағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын 370 млрд теңгеге жуық қаражат деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз