Басқа қазақстандықтарға қарағанда алматылықтар қоғамдық көлікке жиі отырады

Жарияланды 5 Шілде 2024 08:01

(жаңартылды 5 Шілде 2024 08:01)
post.authors.0.name

Гүлназ Ермағанбетова

Күндізгі жаңалықтар редакторы g.ermaganbetova@kursiv.media
Алматылықтар қоғамдық көлікке жиі отырады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы әкімдігі қалалық қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 20%-ға көтермек. Алайда тасымалдаушылар автопарктер шығынын тым болмағанда жартылай жабу үшін тарифті жоқ дегенде 80%-ға көтеруді ұсынып отыр. «Курсив» қазір алматылықтар қандай көлік түрін қолданатынын білді. 

Оңтүстік мегаполис – Алматыда қоғамдық көліктегі жол ақысы 120 теңгеге дейін (+20%) өсуі мүмкін. Тиісті қаулы жобасы «Ашық үкімет НҚА» сайтында жарияланған. Бұған дейін бір жыл бұрын, яғни 2023 жылдың тамыз айында жол ақысы 80 теңгеден 100 теңгеге дейін өскен. 

Бірақ та, тасымалдаушылардың айтуынша, жаңа тариф автопарктер шығынының тек үштен бірін ғана жабады.

«Маршруттағы орташа тариф 310 теңге болғанда, жол жүру ақысы соның жартысына тең болу керек, яғни жоқ дегенде 180 теңге болуға тиіс», – дейді «City-Bus» ЖШС директоры Абылай Өстемір.

Қоғамдық көлікте жол жүру тарифінің өсуі көптеген алматылықтың қалтасына салмақ түсірері анық. United Research Technologies Group (URTG) әлеуметтік зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасының нәтижесі Алматы тұрғындарының 70%-ы қоғамдық көлікте жүретінін көрсетті. Бұл жалпы ел бойынша (47,8%) орташа есеппен алған күннің өзінде бір жарым есе көп.  

Қалалық қоғамдық көлік

Сауалнамаға қатысқан он алматылықтың жетеуі барар жеріне көбіне қоғамдық көлікпен (ҚК) жететінін айтқан. Алматыдағы ең көп қолданылатын қоғамдық көлік – автобус. Сауалнамаға қатысқандардың 53%-ы қалада автобуспен жүреді. Бұл Астана (37,8%) және Шымкентпен (41,3%) салыстырғанда әлдеқайда көп. Ал респонденттердің 7,6%-ы троллейбусқа мінетіндер. Метрода жүріп-тұратындар саны сауалнама бойынша  8,8% болған.  Осы арада метроны пайдаланатындар арасында алматылықтардың үлесі Алматы облысынан сауалнамаға қатысқандарға қарағанда үштен бірін ғана құрайтынын айта кету керек. Алматы облысынан сауалнамаға қатысқандар метроға жиі мінетінін көрсетті. 

Әлеуметтік зерттеуге қатысқан алматылықтардың 44%-дан сәл ғана асатыны жақын маңдағы қоғамдық көлік аялдамасына бес минутқа жетпей жететінін айтқан. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіш. Ұлытау, БҚО мен СҚО тұрғындарына аялдамаға жету оңайырақ болып шықты. Бұл өңірлерде респонденттердің 68–73%-ы қоғамдық көлік аялдамасына бес-ақ минутта жетеді екен. 

Сондай-ақ Алматыдан сауалнамаға қатысқандардың 38,3%-ы жақын аялдамаға жету үшін 5 минуттан 10 минутқа дейін уақыт жұмсайды. Ал 9,9%-ына 11-15 минут керек. Әрбір он жетінші респондент таяу маңдағы аялдамаға жету үшін 15 минуттан артық жүрсе, кейбірі тіпті (2,4%) жарты сағат жүруге мәжбүр. 

Автокөлік

kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сауалнама сұрақтарына жауап берген алматылықтардың автобустан кейін көп мінетін көлігі такси болып шықты. Алматылықтар межелі жеріне жету үшін такси қызметін жиі (35,4%) пайдаланады екен. Бұл тіпті өзінің жеке көлігімен жүретіндерден (34,7%) көп болып тұр. 

Егер Алматыда әр үшінші респондент өз көлігімен немесе таксиде жүретін болса, Алматы облысы тұрғындары арасында сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі осылай жүреді. URTG сауалнамасының мәліметтері бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіш екеніне дәлел. 

kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы тұрғындары арасында жеке көлігі барлар да көп, яғни сауалнамаға қатысқандардың 72,7%-ы өз « темір тұлпарын» тізгіндегендер. Ал Алматыда мұндай адамдар 63,1%. Дегенмен бұл көрсеткіш бойынша шымкенттіктер көш басында тұр. Шымкенттегі респонденттердің 75,1%-ы жеке көлігі бар екенін айтқан. 

Қала тұрғындарының (өңірге қарай) 80–90%-ына көліктеріне жету үшін бес минутқа жетер-жетпес уақыт кетеді. 

Жаяу жүретіндер 

Алматылық респонденттердің әрбір үшіншісі (30,5%) қалада жиі жаяу жүреді. Бұл – елдегі ірі қалалар арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Астанада тұрақты түрде жаяу жүретіндер 23,9% болса, Шымкентте респонденттердің тек 17,7%-ы ғана жаяу жүруге ынталы.

kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өңірлер бойынша қалада жаяу жүретіндер саны орташа есеппен алғанда жоғары: сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлытау өңірі алда тұр. Бұл өңірде респонденттердің 62,6%-ы жаяу жүреді.  

Шағынмобильді көлік

URTG сауалнамасынан Алматы моторландырылған жеке мобильді (ЖМҚ) көлікті пайдалану бойынша алдына жан салмай тұрған қала екенін көреміз. Оңтүстік мегополисте әрбір тоғызыншы респондент шағын көлікті тізгіндеген. Алматыдағы ең көп жүретін ЖМҚ – жалға алынған электр көлігі (4,6%), мотоциклдер/мотороллерлер (1,9%) және жеке электрокөлік (1,3%).  

Алайда алматылықтар моторсыз велосипедтерде жүру бойынша басқа өңірлерден қалыс қалған. Соған қарағанда велосипедпен біресе өрге, біресе ылдиға қарай «дөңгелегісі» келмейтін сияқты. Велосипедпен жүруде Ұлытау (19,8%), СҚО (17,6%) мен БҚО (11,7%) алдыңғы қатарда. Ал Алматыда велосипедпен жүретіндер саны тек 3%, Астанада – 4%, Шымкентте – 2,9%. Ел бойынша сауалнамаға қатысқандардың 39%-дан астамы ЖМҚ-ны жалға алу пунктіне 5 минутқа жетпей-ақ жетіп барады. Ал респонденттердің 86%-дан астамы өзінің мотоциклі не болмаса мотороллеріне тап осы уақытта жетеді екен.

Сондай-ақ оқыңыз