Енді интернет-алаяқтықпен күресуге полицейлерге имамдар мен дін қызметкерлері көмектесетін болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Имамдар мен дін қызметкерлері аға буын өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысының полицейлері алаяқтықтықпен күресудің жаңа тәсілін ойлап тапты. Енді интернет-алаяқтық мәселесінде тәртіп сақшыларына имамадар мен діни қызметкерлер көмектесетін болады.

Алматы облысының полицейлері халық арасында интернет-алаяқтық профилактикасына бағытталған “Стоп-алаяқ“  акциясын өткізіп жатыр. Полицейлер алаяқтықтың бұл түрімен күресу үшін  барлық әсер ету құралдары қолданып жатқанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары ақпараттық буклеттер мен кітапшаларды тарату түріндегі дәстүрлі әдістермен шектелмей, бұл іс-шараға дін саласының қызметкерлерін де тартқанын мәлімдеді.

«Интернет-алаяқтардың айла-амалдарына көбінесе аға буын өкілдері түсетіні бәріне мәлім. Сондықтан біз діни қызметкерлерді тартуды шештік. Бұл жалпы азаматтар арасында ғана емес, қарттар арасында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Алматы облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Нұржан Кенесханұлы.

Тәртіп сақшылары имамдар мен діни қызметкерлерге қарт адамдарға интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпарат жеткізіп, жан-жақты түсіндіріп беру үшін көмек көрсетуін сұраған.

«Алаяқтықты анықтау – көп еңбекті қажет ететін жұмыс, өйткені қылмыскерлер күн сайын алдаудың барлық жаңа тәсілдерін ойлап тауып, жасаған заңсыз әрекеттерінің іздерін жасыруда. Осыған байланысты алаяқтықпен күресудің ең тиімді жолы оны алдын алу және халықты ескерту», – деп толықтырды Н. Кенесханұлы.

Айта кетейік, соңғы уақытта алаяқтар өздерін заңгермін деп таныстырып, тұрғындардың ақшасын аударып алып жатқан фактілер көбейді. Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтық дерегі жиілеп кеткенін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды. Бірінші кезеңде өзін Ұлттық банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректеме ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады.

Одан бөлек қаражат жымқыруды көздейтін қаскөйлер өздерін жеке сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған құжаттар жібереді. Онда азаматтарға тиесілі Ұлттық Банкте «жеке тұлғалардың ашық және сақтандырылған шоты» бар деп алдайды.

Сонымен қатар Астана полицейлері Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын хабарлады. Ведомствоның мәлімдеуінше алаяқтар кез келген қазақстандықпен бар болғаны үш секунд бейнеқоңыраумен сөйлесcе, олардың атынан несие рәсімдеуге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ оқыңыз