Қор нарығына шолу: G7 елдерінің қарызы көбейді, азиялық нарықтар өсіп жатыр, UBS реттеушінің бақылауына ілінді

Жарияланды
БАҚ шолуы / REUTERS/Aly Song/File Photo

Азиялық қор индекстері 2022 жылғы жоғары көрсеткіштерге дейін қайта көтерілді, G7 елдерінің қарызының өсіп бара жатқанынан S&P Global Ratings қауіптеніп отыр, швейцариялық реттеуші нарықта ықпалы артып бара жатқан UBS-ті бақылауға алды. Осы және басқа да тақырыптар жайлы 4 шілдедегі БАҚ шолуын оқыңыз.

Азиялық қор индекстері 2022 жылғы сәуір айындағы ең жоғары көрсеткішке дейін өсті

Asia Financial-дың хабарлауынша, Азия-Тынық мұхиты акцияларының ең кең индексі MSCI бейсенбіде 0,9%-ға өсіп, 2022 жылғы сәуір айындағыдай ең жоғары көрсеткішке жетті. Nikkei шың басына жетуге сәл қалды, ол 0,9%-ға өсті, ал Topix рекордтық деңгейге жетті. Hang Seng те төрт күн қатарынан өсіп келеді, бір күнде оған 0,3% қосылды.

Азия нарықтарының ішінде көш бастаушылардың бірі – Baidu іздеу операторы болды, оған 1,3% қосылды. Электрондық коммерция алыбы Alibaba қағаздары да айтарлықтай қымбаттады – бір акцияның бағасы 73,15 гонконг долларына дейін көтерілді.

Үндістанда Nifty және Sensex негізгі индекстерінің пайдасы азайып, баға көп құбылған күні олар сауданы болмашы ғана өсіммен аяқтады. IT, денсаулық сақтау, фармацевтика және автоөндіріс сияқты салалардың жағдайы айтарлықтай жақсара түсті. Sensex 0,08% – ға, ал Nifty 0,06% – ға өсті.

Нарықтың өсуіне ФРЖ-ның саясаты жеңілдейді деген үміт түрткі болғандай. Дегенмен бүкіл әлем бойынша АҚШ-тағы демалыс күндеріне байланысты, жалпы алғанда, қызу сауда болған жоқ.

G7 елдерінің қарызы көбейіп барады, S&P Global Ratings содан қауіптеніп отыр

S&P Global Ratings жариялаған есепте «Үлкен жетілік» елдерінің қарызы одан сайын өсіп бара жатқаны мәлім болды, бұл мәселе агенттік сарапшыларының көңіліне қауіп ұялатты. Bloomberg-тің жазуынша, бұл елдер қарызының деңгейін қазіргі қалпында ұстап тұра алмауы мүмкін.

Фрэнк Гилл бастаған сарапшылар: «G7 елдерінің үкіметі нарықтан қатты қысым көрген кезде ғана, бюджет шығынын азайтуға кірісуі мүмкін. Егер қарыз алу шарттары айтарлықтай қиындай түссе, онда бұл елдер бюджетке одан да елеулі түзетулер енгізуге мәжбүр болмақ», – дейді. Қарыздың тым қымбатқа шығуы қазірдің өзінде олардың мемлекеттік қарызын тұрақсыз күйге түсірді.

Бұл – АҚШ пен G7 елдерінің қарыз деңгейі жоғары екенін сынаған осы аптадағы үшінші есеп. Сонымен, жексенбіде BIS-тің бас экономисі Клаудио Борио: «Іс насырға шапқанға дейін, жағдай әзірге тұрақты деп тоқмейілсіп жүре беруге болады», – деп ескертті.  Өткен аптада Халықаралық валюта қоры да АҚШ-ты көп қарыз алғаны үшін сынап тастады. Ал сейсенбі күні Федералды резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл: «Қазіргі қарыз деңгейі мүлде көңілге қонымсыз. Біз өте тұрақсыз жолмен жүріп келеміз – оның солай екені даусыз», – деді.

Швейцариялық реттеуші UBS-ті бақылауға алды

Швейцариялық тұтыну бағасын реттеуші Credit Suisse-ті сатып алғаннан кейін, UBS-ті бақылауға алды деп жазды Reuters. Себебі банк құрылымында монополияның пайда болуы несие комиссиясын өсіріп жібереді деген қауіп бар.

«Comco (елдің монополияға қарсы органы) жасаған талдау UBS-тің бірігу арқылы кей нарықта үстемдікке ие болғанын көрсетті», – деп хабарлады баға қадағалау органы. – Коммерциялық кәсіпорындар бұл жайт болашақта несие құнының өсуіне әкеледі деп уайымдап отыр». Алайда ведомство бұл мәселені өз тарапынан реттеуге қажеттілік тумайды деген үмітте.

UBS дүйсенбі күні өзінің ішкі бөлімшесін ішкі нарықтағы операцияларды жүзеге асыратын Credit Suisse-пен біріктіргенін хабарлаған болатын. FINMA (Швейцарияның қаржылық реттеушісі) осы бірігудің бәсекелестікке ешқандай кері әсері тимейтінін өткен айда мәлімдеген.

Қысқа-нұсқа

Робуста кофесінің фьючерстері шілде айының басынан бері 5%-ға өсті, бұған осы сортты әлемдегі ең ірі өндіруші ел – Вьетнамдағы құрғақшылық себеп болды деп жазды Bloomberg.

Morgan Stanley франциялық акцияларды сатып алуға кеңес береді. Сарапшылардың ойынша, «сайлауға қатысты толқу» жақын арада аяқталады деп жазды Yahoo Finance.

Bloomberg-тің анықтауынша, HSBC Holdings Plc өзінің неміс активтерін басқару бөлімшесін сатуды ойластырып жатыр. Сатып алуға талап білдіргендер арасында BNP Paribas SA және UBS Group AG-тің аты аталды.

Сауд Арабиясы шілде айында Азия елдеріне сатылатын мұнай бағасын түсірді, демек бұл мұнайға деген сұраныстың азайғанын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз