Теңге бағамы долларға қатысты тағы құнсызданды, рубль мен сом нығайды. Оның себебін сарапшы түсіндірді

Жарияланды
Теңге бағамы нығая ма? / / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

5 шілде Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 0,2%-ға (0,88 теңгеге) құсызданды. Осылайша 1 доллар 476,27 теңгені құрады.

4 шілде орташа сараланған бағам 1 долларға 475,39 теңге болған.

Демалыс алдындағы биржадағы сауданы саралайтын болсақ, төл валютаның АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 476,83 теңге болды. Ең төменгі көрсеткіш 473,75 теңге, максимум – 480, сауда-саттық тоқтағандағы бағам – 479,5 теңге шамасында.

KASE-де сауда сессиясының қорытындысы бойынша, АҚШ долларымен сауда көлемі 170,69 млн долларды құрады. Бір күн бұрынға 138,231 млн доллар сатылған. Транзакциялар саны – 580. Төл валюта соңғы рет 2023 жылдың қыркүйек-қазанында дәл осылай құбылған. Бұл ретте биржасы АҚШ санкциясына ұшыраған Ресей «қызыл ақшасы» 1 долларға 87 рубль, Қырғыз валютасы 1 долларға 86 сом болып белгіленіп, нығая түсті.

Теңге бағамына қандай факторлар ықпал етті? Алдағы уақытта төл валюта осы көрсеткішке тұрақтай ма? Экономист Бауыржан Ысқақовтың пайымынша, айырбас бағамына Ресей Федерациясына қарсы санкциялар теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар Ұлттық қордан аударымдар сынды ішкі вактордың ықпалы бар.

«АҚШ Қаржы министрлігінің Ресей биржасына қарсы жаңа санкциялар енгізгеннен валюта 6-8%-ға әлсіреді. Бұл жоғары көрсеткіш емес. Бұған дейін теңге 20-30% девальвацияға ұшыраған жағдайлар болған. Айта кететіні, жыл басынан мамырға дейін ұлттық валюта нығайып келгені белгілі. Оған себеп Ұлттық қордан трансферттердің көп болуы. Тек мамырдың өзінде Ұлттық қордан 800 млн долларды конвертация жасадық. Маусымда көрсеткіш 400 млн долларға төмендеді», – дейді экономист.

Оның айтуынша, соның нәтижесінде теңге бағамы әлсіреген. Бұл ретте ол бағамға екі негізгі фактор ықпал ететінін жеткізді.

«Біріншісі – мұнай бағасы. Екіншісі – рубль бағамы. Себебі Қазақстан экономикасының 50-60%-ы Ресеймен байланысты болғандықтан, рубль құнының өсуі, төмендеуі де біздің валютаға әсер етеді», – деп түсіндірді маман.

Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, бас банк 2015 жылы теңгені еркін айналымға шығарғалы бері осындай құбылулар болып тұрады. Бұл ретте ол ұлттық валюта бағамына қолдау болатын факторларды атады.

«Қазір Салық кодексі қабылданып жатыр. Алдағы уақытта салықтық түсімдер көп болса, біз бюджет тапшылығын Ұлттық қордан қор есебінен емес, салық түсімдері арқылы жоюды тәжірибеге енгізсек, теңгенің құны жоғары болады. Сонымен қатар мұнайдың да бағасы жоғары болса, бұл да теңгеге қолдау болады», – деп түйіндеді экономист.

Еске сала кетсек, маусымда теңге бағамы құбыла бастады. Мәскеу биржасына санкция салынған соң рубль да құнсызданып, кейін қалпына келді. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Ресей Федерациясындағы шектеу шаралары KASE-ге айтарлықтай әсер етпейтінін айтты.

Ұлттық банк басшысы айтқандай, бағам «негізгі көрсеткіштерге» оралып жатыр. Оның пікірінше, соңғы айларда байқалған нығаю Ұлттық қордан жоғары сатылымдарға байланысты болды, ал қазір олар төмендеуде.

Сондай-ақ оқыңыз