«Танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес» – Аида Балаева өнер жұлдыздарын тәртіпке шақырды

Жарияланды
Аида Балаева өнер жұлдыздарын тәртіпті сақтауға үндеді /коллаж kursiv.media

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өнер өкілдерін сынады. Кейінгі кезде белгілі әнші-әртістер қоғамдық тәртіпті бұзып, әкімшілік жазаға тартылды. Министр ел аузында жүрген адамдар көпке үлгі болуы тиіс деп санайды.

«Қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де – мәдениет. Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам пен тазалық емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман – елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт», – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына Аида Балаева.

Ведмство басшысы танымал өнер қайраткерлерінің тәртіп бұзуы қоғамға жағымсыз әсер ететінін айтты. Барлық азамат ортақ заңға мойынсұнуы керек деген уәжді алға тартты.

«Өкінішке орай, соңғы кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс. Өзін нағыз «мәдениет қайраткерімін» дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашанда ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы тиіс. Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек. Бұл – мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап етіп отырған бірегей үндеуі. Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ. Ал мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады», – деді министр.

Аида Балаева сөзін түйіндей келе, «Сөз жоқ, Ұлы Абайдан бері келе жатқан қоғамдағы надандықпен күрестің алдыңғы шебінде мәдениет майталмандары жүруі тиіс» деп өз пікірін шегелей түскен.  

Кейінгі апталарда өнер жұлдыздары сорақы қылығымен көзге түсті. 25 маусым күні Астана қаласының әкімшілік соты шоумен Тұрсынбек Қабатовты ұшақ бортында мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін бес тәулікке қамауға алды. Қабатов кінәсін мойындап кешірім сұраған.

Астана қалалық соты тағы да ұшақ бортында бұзақылық жасады деп айыпталған әнші Қайрат Нұртасқа қатысты үкім шығарды. Сот әншіге прокурор сұраған 15 тәулікке қамау жазасын кесті. Әнші борта Асылбек Бекқайыровпен жанжалдасып, бір-біріне жұдырық сілтеген.

«Әкімшілік қамаққа алу уақыты 2024 жылдың 4 шілдесі сағат 23:50-ден бастап есептелсін. Осы қаулыны орындау үшін Шымкент қаласы полиция департаменті әкімшілік тұтқынға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау орнына жолдансын», – делінген әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қаулысында.

Сот Асылбек Бекқайыровты да Әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп тауып, 10 тәулікке қамауға алуға шешім шығарды. Бұл оқиғаға дейін Қайрат Нұртас қоғамдық орындарда тәртіп бұзғаны үшін бірнеше рет жазаланды.

Өнер адамдарына қатысты шырғалаң мұнымен тоқтамады. 6 шілде күні Алматы облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан. Рөлде отырған әнші Әбдіжаппар Әлқожаның көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Ол полиция қызметкерлерінің нұсқауына бағынбаған. Әнші 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз