БҚО-дағы «Сырым» шекара бекетінде сенбіден бері 200-ге жуық көлік кідіріп тұр

Жарияланды (жаңартылды )
БҚО-дағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде 200-ге жуық жүк көлігі кідіріп тұр/ МКК баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысының «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде 200-ге жуық жүк көлігі ұзын-сонар кезекте тұр. Бұл бекет – Ресей Федерациясымен байланыстыратын шекарадағы нысан. Бұл жерде 6 шілдеден бері жүк көліктерін өткізу баяулады.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің БҚО департаменті  Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан тексеріс шараларына байланысты автомобильдер кідіріп тұр деп хабарлады.

«Кептелістің негізгі себебі – Ресей тарапының шекаралық бақылау процестерінің баяулауы. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ресейдің шекара қызметі «Маштаково» өткізу пунктінде инспекциялық-тексеру кешенінің жұмысындағы проблемаларға байланысты жүктерге физикалық бақылау жүргізеді», – делінген хабарламада.

Қазақстандық ведмсвтолар бұл жағдайды реттеу мақсатында ресейлік тараппен сөйлесіп жатыр. Комитет ЕАЭО елдерімен шекарадағы мемлекеттік кірістер органдары тек тасымалданатын жүктердің мониторингін жүргізетінін қаперге салды. Талап бойынша мониторинг ұзақ уақытқа созылмауға тиіс. Қазіргі уақытта Сырым АӨП штаттық режимде жұмыс жасап тұр.

Ресеймен шекарада жүк көліктерінің ұзақ тұрып қалуы – жиі болатын оқиға. Былтыр Ресей Федерациясы мен ҚР арасындағы шекара бекеттерінде электронды кезектің енгізілуіне байланысты жүк көліктерінің өтуі қиындап кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз