Жаңатаста 50-ге жуық үй мен 400-ден астам ауланы су басты
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 47 үйді су басып, 400-ден астам үйдің ауласын сел шайып кетті. Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев келген.
«7 шілде күні Сарысу ауданы Жаңатас қаласында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшелердегі 400-ден астам үйдің ауласы мен 47 үйдің ішін су алды», – деп жазылған таратылған хабарламада.
Қазіргі таңда облыстық әкімдік шығынды есептеп, қосымша нақтылау шараларын жүргізіп жатыр. Жергілікті атқарушы орган және төтенше жағдайлар департаментінен жұмылдырылған 50-ден астам адам тұрғындарға көмектесіп, су айдау жұмыстарын жүргізіп, 17 бірлік техника тартылып, 11 мотопомпа қолданған.
«Арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға, зардап шеккен нысандарға заң талаптарына сәйкес барлық қажетті көмек, қолдаулар көрсетіледі. Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз», – деді жедел штабқа келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, аудандағы ахуал тұрақты, су деңгейі төмендеді. Адам, мал шығыны жоқ.
Бұған дейін су тасқыны қаупіне байланысты Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары эвакуацияланған болатын.