Елорда экономикасы: Астана дотациялық өңірден донорлық аймаққа айналып келеді

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Өткен аптада қазақстандықтар «Астана күнін» атап өтті. Осы ретте Астана қаласының қазіргі экономикасы мен әлеуметтік дамуына шолу ұсынамыз.

Астана қаласының экономикасы жылдан-жылға дамып келе жатыр. Шаһар 1997 жылдың 10 желтоқсанынан «Астана» статусын алғалы бері, бірнеше есе өсті. 1997 жылы Астананың республикалық ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 1,7%-ды құраса, араға 27 жыл салып  оның үлесі қазір 10,7%-ға дейін жетті.

ҚР ҰСБ мәліметінше, 2023 жылдың қорытынды есебінде Астана қаласының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 28,2 млрд доллардан асты. Астана қаласы 1997-2023 жылдар аралығында жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемін 231,6 есе, яғни  87,5 доллардан, 20 265  долларға дейін өсірді.

Дотациядан – донорға

Қазақстан аймақтық-әкімшілік бөлінісі 20 өңірден тұрады, 17 облыс және 3 республикалық маңызы бар қала. Бірақ олар біркелкі дамып отырған жоқ. Кейбір субъектілердің географиялық жағдайы жақсы, климаты жұмсақ, пайдалы қазбалардың болуы немесе  туристік нысандардың сәтті орналасуы тағы басқа көптеген фактор әсер ететі. Осы себептерге байланысты өңірлердің әркелкі дамуы заңдылық. Нәтижесінде еліміздің аймақтарын 2 санатқа бөлуге болады: донорлық (табыс әкеледі) және дотациялық (субсидиялау).

Астана 2015 жылға дейін «дотациялық өңір» болып келді. Яғни еліміздегі бас қала өз бюджетін өзі қамтамасыз ете алмайтын, экономикалық қуаты әлсіз жас қала болғандықтан, Үкімет жыл сайын республикалық бюджеттен көмек (субсидия) беріп отырды. 2014 жылы республикалық бюджеттен 4,1 млрд теңге соңғы трансфертін алған Астана 2015 жылдан бастап, керісінше, республикалық бюджетке 7,5 млрд теңге аударды.

Жергілікті бюджет динамикасына қарасақ, Астана қаласының 2015-2024 жылдар аралығында республикалық бюджетке аударым трансферт көлемі  344,6 млрд теңгеден асқан. Елімізде қазіргі таңда тұрақты донор-өңірлер: Астана қаласы, Алматы қаласы, Атырау және Маңғыстау облыстары. Осылайша бас қала 2015 жылдан бастап донор-өңірге айналды.

Аудандардағы жалақы айырмашылығы

Астана қаласының 5 ауданында 5 түрлі орташа жалақы тіркелген. ҚР ҰСБ дерегіне назар аударсақ, Есіл ауданында орташа жалақы көлемі 524 516 теңгені құраса, орташа жалақының төменгі деңгейі 334 998  теңге Байқоңыр ауданында тіркелген. Ал қалған үш ауданда 503 850 теңге, 395 526 теңге  және 358 316 теңге Нұра, Алматы және Сарыарқа аудандарында тіркелген. Осыдан Астана қаласының орташа жалақы мөлшері 432 197 теңге көлемінде тіркелген. Осылайша, бір қаладағы екі ауданның орташа жалақы мөлшеріндегі айырмашылық 190 мың теңгеге дейін жетіп отыр.

Инвестиция: әрбір үшінші теңге Есіл ауданына тиесілі

2023 жылы Астана қаласына тартылған негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі-1,6 трлн теңгеге жетті. Инвестциялық серпін жоғары көрсеткішті көрсетіп келеді. Мәселен,н 2018-2023 жылдар аралығында тартылған инвестицияның орташа  көлемі 1,2 трлн теңгеден түспей келеді. Былтырғы жылдың қортындысына қарасақ, Есіл ауданына салынған инвестиция көлемі – 534 млрд теңгені құрап, қаладағы үлесі 32,3%-ға жеткен. Жаңа ауданның бірі-Нұра ауданы былтыр – 426 млрд теңге инвестиция тартқан.

Миллионыншы тұрғын

2017 жылдың маусым айында Астана қаласының халық саны миллионнан асып, Алматыдан кейін екінші «миллион тұрғыны бар» қалаға айналды. Елорда халқының саны қарқынды өсіп келеді. Қала халқының динамикалық өсуі – ұзақ көші-қон ағындары мен табиғи өсімнің нәтижесі. Елорда оң репродуктивті көзқарастары бар жас ұрпақты тарту орталығына айналды деп сеніммен айтуға болады.

ҰСБ мәліметіне қарасақ, 2000 жылы халық саны 380 мыңға жуықтаса, 2024 жылдың басында 1,4 миллоннан астам халық тіркелген. Елорда халық саны әр 6 жылда орта есеппен 39,2% өсіп отырған.  Астана қаласында көшіп-қону көрсеткіші де жоғары болып тұр. Астанаға жыл сайын 50 мыңнан астам адам өзге өңірлерден көшіп келеді.

Мәселен, соңғы 6 жылда (2018-2024ж) Астана қаласының халық саны 38,8%-ға өсіп, халық саны 400 мыңға көбейіп, 1,4 миллионнан асты.  Сондай-ақ 15 пен 35 жас аралығындағы халық саны шамамен 40%-ды құрайды. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі және жастардың Астанаға көшуге деген жоғары қызығушылығын және адами капиталдың қарқынды өсіп келе жатқан әлеуетін айғақтайды. Демографтардың пікірінше осы динамика сақталса, 2030 жылға қарай Астана қаласының халық саны 2-2,2 миллионнан асады.

Бас қаланың IT драйвері- Astana hub

Қазіргі жағдайда IT технологиялық өзгерістердің негізгі факторы және жеке сектордың да, елдердің де бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету шарты, бұл барлық экономикалық және өндірістік процестерді жаңғыртуға, өнімділік пен сапаны арттыруға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнын төмендетуге әкеледі. 2023 жылғы қорытынды көрсеткіштер бойынша ЖІӨ-дегі ақпараттық-коммуникация технологиялары (АКТ) саласының үлесі 4,3% құрады.

2023 жылы Astana Hub технопаркі қатысушыларының IT-қызметтерінің экспорты 127,3 млрд теңгені құрады. IT және басқа да ақпараттық қызметтерге тікелей шетелдік инвестициялар 2023 жылы шамамен 60 млрд теңгені құрады. Бұл шетелдік инвесторлардың отандық IT саланың одан әрі дамытуына өз септігін тигізеді.

Қала экономикасының негізі салалары: сауда,көлік және байланыс, құрылыс. Қазақстан экономикасының сауда секторының жалпы ішкі  өніміне (ЖІӨ) қосқан үлесі бойынша Астана облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалар арасында Алматы қаласынан кейін екінші орында тұр. Алматы және Астана қалаларының жиынтық өңірлік өнімі Қазақстанның сауда саласының жалпы көлемінің жартысынан астамын құрайды. Бөлшек тауар айналымының көлемі бойынша Астана да елімізде екінші орында тұр. Астана құрылыс қарқыны бойынша республикада көш бастап тұр. 2023 жылы Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй жылжымайтын мүліктің бестен бір бөлігі Астана қаласына тиесілі.

Астана қаласын дамытудың негізгі факторлары- сыйымды ішкі нарық, дамыған коммерциялық инфрақұрылым, белсенді азаматтардың ағыны және әкімшілік ресурстың орналасуы. Қала экономикасы сауда, құрылыс, кәсіби және бизнес қызметтері, көлік және логистика, туризм басым сервистік салаларға сұраныс бар. Астананың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі елдің орталығы, солтүстігі мен батысы үшін сервистік хабқа айналуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз