Асыл тұқымды мал басы көбеймеген: Алматы облысының фермерлері 1,2 млрд теңге субсидияны заңсыз алған
Алматы облысында ауыл шаруашылығына бөлінген 4,8 млрд теңге субсидия жымқырылған. Прокуратура ауыл шаруашылығы басқармасын тексеріп, субсидияны заңсыз төленгенін анықтаған.
Басқарма қызметінен көптеген заң бұзу анықталған. Соның ішінде фермерлер арасынан таңдаулыларына субсидия бөлу жүйесі қалыптасқан. Асыл тұқымды мал өсіретін қожалықтар 1,2 млрд теңгені заңсыз алған.
Қағаз жүзінде олар 4 жылда асыл тұқымды төл басына 1,9 млн басқа жеткізуі керек болған. Алайда 4 жылда асыл тұқымды қой саны небәрі 367 мың басқа көбейгені анықталды.
«Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарларды алу мақсатында селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны ұрлаған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмай, құжаттар ресми түрде ресімделіп, облыста асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған», – деп жазылған хабарламада.
Қазіргі кезде прокуратура 110 млн теңге қаржыны қайтарған.
Сонымен қатар Ұйғыр ауданында фермерлер қорасында асыл тұқымды мал жоқ болса да, 2023 жылы селекциялық жұмыс жүргізгені үшін 45,2 млн теңге субсидия алған.
Субсидия алған кезде бұл кооператив басқаның малын өз малы тіркеген. Әкімдік мал басын нақты санамағандықтан, мемлекеттік бюджетке залал келтірілген.
Субсидия ұрлау бойынша сотқа дейінгі 5 тергеу басталып, заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыну енгізілді.
2023 жылы Қазақстандағы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлінген.