Құрылысы 10 жылға созылған ең ұзын автомобиль тоннелі қашан ашылады?
Құрылысы 2014 жылы басталған, ұзындығы 840 метр болатын Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі шілде айында пайдалануға беріледі. Бұл жайында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Жерасты өткелі Шымкент пен Тараз арасын жалғайды.
«Биыл автожол саласында бірнеше маңызды жобаны аяқтау көзделген. Солардың бірі Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі (840 м) тамыз айында пайдалануға беріледі. Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді», – деді Көлік министрі.
Ведомство басшысы автожол саласындағы жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың қашан аяқталатынын да мәлім етті. Мәселен, Алматы маңындағы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын Шамалған стансасындағы автомобиль жол айрығы биыл қыркүйек айында іске қосылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, министр еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізімен байланыстыратын 262 шақырымдық «Мерке – Бурылбайтал» автожолы да пайдалануға берілетінін атап өтті.
«Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1,3 мың метрлік көпірдің құрылысын да осы жылы аяқтау жоспарланған. Жаз мезгілінде паром арқылы қыс мезгілінде мұздың үстімен жүретін тұрғындар үшін көпірдің ашылуы қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданды бір-бірімен байланыстырады. Бұл тарихи жоба 60 жылдан бері талқыланып келе жатқан еді. Ал қазір жоба Мемлекет басшысының тиісті шешімінің арқасында іске асырылып, жыл соңына дейін халық иелігіне тапсырылатын болады», — деді М. Қарабаев.
Бұған қоса министр Батыс Қазақстанның шалғайындағы Бөкей Ордасы туристік аймағын дамыту мақсатында ұзындығы 245 шақырым болатын «Казталовка – Жәнібек» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары да осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталатынын мәлімдеді.
Бұған дейін 12 мың шақырым жол жөндеудің алғашқы кезеңіне ЕҚҚДБ қаражат бөлетігі белгілі болды.