Қаржы сарапшылары зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды ұсынды

Жарияланды
Сарапшы зейнетақы жүйесін дамытуға кедергі келтіріп отырған факторларды атады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы қаржы сарапшылары зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеп, Мемлекет басшысының қарауына енгізді. Бұл туралы Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың талдауында жазылған.

Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесі тұрақты емес

Маманның айтуынша, сарапшылар жаһандық индекстер мен рейтингтерге, соның ішінде Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингтеріне күмәнмен қарайды. Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiнiң орнықты дамып келе жатқанын дәлелдеу үшiн арнайы есептеулер қажет. Оның ішінде, демографиялық өзгерістер (халықтың қартаюы, туу деңгейі және т.б.), макроэкономикалық өзгерістер (инфляция, табыстың өзгеруі және т.б.), зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кірістер, әлеуметтік осал топқа зейнетақы төлемдерінің параметрлері және т.б.

«Қазақстандағы мұндай ұзақмерзімді өзекті есептерді тек БЖЗҚ жариялайды және олардың деректері бойынша, сондай-ақ біздің бағалауымызша, Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесі тұрақты емес», – деп жазылған талдауда.

Аралас жүйе мәселесі

Мұрат Темірхановтың пайымынша, Қазақстанда әлемнің көптеген елі сияқты аралас зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Ол екі негізгі элементтен тұрады.

Біріншісі – бөлінетін зейнетақы жүйесі. Оған мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдері кіреді. Мұндай жүйе бойынша қазіргі зейнеткерлердің зейнетақысын қазіргі салық төлеушілер төлейді. Ал зейнеткерлердің әрбір санаты үшін қанша зейнетақы төлеу керек екенін мемлекет өзі шешеді.

Екіншісі – бүгінде толығымен Бірыңғай зейнетақы қоры арқылы жүзеге асырылатын міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі.

«Жинақтаушы жүйедегі зейнетақы мөлшері зейнеткерлікке шығатын қызметкердің шотында қанша ақша жиналғанына және зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кіріске ғана байланысты. БЖЗҚ жарналары толығымен қызметкердің, содан кейін зейнеткердің меншігі», – деп түсіндірді маман.

Қазақстан азаматының зейнетақысы екі негізгі бөліктен тұрады

Осылайша, зейнетке шыққан кезде Қазақстан азаматының зейнетақысы екі негізгі бөліктен тұрады – мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдері және Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін төлемдер.

Әлемдік тәжірибеге сәйкес мемлекеттік зейнетақы жүйесі (мемлекеттік бюджет) әртүрлі себептермен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жарналар сала алмаған немесе тым аз жарна төлеген адамдарды зейнет жасына жеткенде әлеуметтік қамсыздандыру үшін керек.

Міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі ресми түрде жұмыспен қамтылған, жалақысынан салықтардан басқа жинақтаушы зейнетақы жүйесіне (Қазақстандағы БЖЗҚ) міндетті жарналар аударған адамдарға бағытталған. Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес, бұл міндетті зейнетақы жүйесі қамсыз қарттықты қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда сарапшының пікірінше, халықтың тұрғын жағдайын жақсартуға жинақтардың бір бөлігін алу үлкен мәселе туғызуы мүмкін.

«Мемлекеттік зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы деп – ішкі және сыртқы жағымсыз факторлардың әсеріне қарамастан азаматтарға зейнетақы төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін толық орындау мүмкіндігін айтады. Бүгінде БЖЗҚ-дағы 3 жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің бастапқы мәнін жоғалтты. Өйткені тұрғын үйге зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі кірістерді зейнетақымен алмастыру коэффициентін төмендетеді. Бұл қамсыз қарттықты қамтамасыз ету үшін ай сайын жалақысынан ақша алып отырған жұмысшыларға тиімсіз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақының төмендігі елдегі әлеуметтік толқуларға әкелетіні сөзсіз. Ресми түрде жұмыс істейтін азаматтарды жеткілікті зейнетақымен қамтамасыз ету үшін Үкімет мемлекеттік бюджетті пайдалануға мәжбүр болады», – деп түсіндірді сарапшы.

Мамандар мәселенің шешімін ұсынды

Сарапшылардың бағалауынша, төмендегі үш шарт орындалған жағдайда зейнетақы қоры қаржылық тұрақты болады:

  1. Жинақтарды мерзімінен бұрын алуға тыйым салу. Оның ішінде, тұрғын үйге, емделуге және басқа мақсаттарға арналған зейнетақы жинақтары бар.
  2. Қызметкердің БЖЗҚ-дағы жеке жинақ шотына жарналар оның жалақысының қазіргідей 10% емес, 15% құрауы тиіс. Әлеуметтік кодекске сәйкес Бірыңғай зейнетақы қорына аударымдар қазірдің өзінде 15% құрайды (10%-ын жұмыскер, 5Ғ жұмыс беруші төлейді). Дегенмен, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) 5%-ы «шартты жинақтаушы құрамдас» форматында жүзеге асырылады.
  3. БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша жоғары инвестициялық кіріс алуы тиіс. Инвестициялық кірістің төмендігі көбінесе Қазақстандағы қор нарығының дамымауымен байланысты.

Бұған дейін айтылғандай 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, қолданыстағы жинақтаушы жүйеге жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да түсіп отырады. ЖМЗЖ шамасы әрбір қызметкердің ай сайынғы табысынан есептеледі. 2024 жылғы 1 қаңтарда 1,5% мөлшерден басталады. 2028 жылы 5% жеткенше жыл сайын өседі. ЖМЗЖ төлемдерін зейнетке 2038 жылы шығатын қызметкерлер ала бастайды.

Биыл зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша төленетін орташа айлық зейнетақы 33 858 теңге болып бекітілген.

Сондай-ақ оқыңыз