ҚТЖ магистраль жолдары «Самұрық-Қазына» иелігіне өтуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General News бөлімінің редакторы
ҚТЖ магистраль жолдары Көлік министрлігінің иелігіне өтуі мүмкін / hdpic.club, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақстан Темір Жолы» компаниясына тиесілі магистраль жолдары болашақта «Самұрық-Қазына» қорының немесе Көлік министрлігінің меншігіне өтуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет баспасөз алаңында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

Министрдің сөзінше, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясын дамытудың екі кезеңі қарастырылып отыр. 

«Алғашқы кезеңде компанияның ішінен еншілес заңды тұлға құрылады. Екінші кезеңде магистраль жолдарды мемлекетке алып, «ҚТЖ» тек тасымалдаумен айналысады. Автожол сияқты жеке тасымалдаушылар да жүретін болады», – деді Қарабаев.

Алдағы уақытта магистраль жолдар «Самұрық-Қазынаға» немесе Көлік министрлігінің меншігіне ауысады. Министр әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты.

Бұған қоса, министр компанияның 2020 жылдан бері тиімді әрі таза пайда тауып жатқанын алға тартып, болашақта қарыздарын толық өтеу мүмкіндігі барын айтты.

«Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы бойынша компанияның ішкі қарыздары мен оны төлеу мәселелері талқыланды. Былтыр рекордтық 134 млрд теңге пайда тапты. Алдағы 2,9 трлн теңге қарызын өтеу үшін оның барлық мүмкіндігі бар», – деді министр.

ҚТЖ-ның ұзақмерзімді міндеттемелері 2 трлн теңгеден асқан. 2023 жылдың 9 айындағы қаржы есебінде компанияның міндеттемелері (қарызы) активтерінен 456,388 млн теңгеге артық екені айтылған. Соның 456,135 млн теңгесі есепті кезеңнен кейін 12 ай ішінде төленуге тиіс.

ҚТЖ-ның «Қазақстан халық банкі» мен Forte bank алдында 2 ірі қарызы бар. Компания басшылары кредиторлармен бұл қарызды есепті кезеңнен кейінгі 12 ай ішінде емес, кейін төлеу мәселесін келісіп жатқаны айтылған.

Ел Үкіметі, ҚТЖ-ның қызмет тарифі қымбаттағаннан кейін IPO-ға шығаруды жоспарлап отырғаны да хабарланған. «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейінгі акциясы 2025 жылы IPO-ға шығуы тиіс. 

Сондай-ақ оқыңыз