«Ұшаққа музыкалық аспаппен кіретінін алдын ала ескертуі тиіс»: министр домбыра дауына қатысты пікір білдірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Ұшақ бортындағы жүк салғыш көлемі кішкентай болса, аспап үшін қосымша билет сатып алуға тура келеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Азаматтар ұшаққа музыкалық аспап алып кіретіні туралы әуе компанияларына алдын- ала ескертуі керек. Ескертсе, оған заңды түрде ешқандай кедергі болмайды, тиісті мүмкіндік қарастыралады. Домбыраны ұшаққа алып күру мәселесіне Көлік министрі Марат Қарабаев осындай пікір білдірді. Ведомство басшысы ұшаққа музыкалық аспаппен ескертусіз келіп, кейіннен шу шығаратын танымал тұлғаларға да ренішін білдірді.

Әсіресе, бұл мәселеге өнер адамдары үнемі шағымданып жатады. Министр әртістердің домбыраны ұшақ бортына сыймай қалды я болмаса жоғалып кетті деген ренішіне жауап берді. Марат Қарабаев әуе рейсіне ұлттық немесе өзге де музыкалық аспаптармен келудің өз қағидасы барын айтады. Мәселен, қандай аспап болатынын, оның өлшемдерін билет алған уақытта алдын-ала ескеру қажет. 

«Жоғалып жатқан жағдай қандай?! Менің қасымда музыкалық аспап болады деп алдын-ала айтса, оған тиісті мүмкіндік қарастырылады. Кейбір кездері ұшақ қандай болады?! Bombardier болуы мүмкін немесе тіпті кішкентай ұшақ болуы мүмкін. Ол жерде жолаушы қолына ұстап отырмайды ғой, ол қауіпсіздікке сәйкес келмейді. Ал үстіндегі жүк қоятын жерге кейбір құралдар сыймайды. Сондықтан алдын-ала баратын кісі жол жүретін айтуы керек. Компанияға хабарласып немесе билет алып жатқанда өзіммен бірге осындай музыкалық аспап болады, оның параметрі былай деп айтып ескертуі керек. Егер жүк қоятын жеріне мүмкіндік болатын болса, онда қояды. Ал оны қоюға мүмкіндік болмаса, онда «қасыңыздан тағы бір орын алыңыз» деп айтады. Мәселенің барлығы осында», – деді министр Үкіметте өткен брифингте.

Министр кейбір өнер адамдары мәселенің байыбына бармай, ұшар алдында дау шығарып, видеоға түсіріп жатады деп ренішін білдірді. 

«Билет алған уақытта алдын-ала айту керек, сонда ешқандай мәселе туындамайды. Ешкім ертерек ескертпейді де, одан соң видеоға түсіреді. Мысалы, қасыңызға мысық, ит алатын болсаңыз алдын-ала айтасыз ғой, дәл сол сияқты аспапқа да қатысты айтуы керек», – деп түсіндірді Марат Қарабаев.

Айта кетейік, ұшаққа домбыраны алып кіругеге қатысты өнер адамдары әлеуметтік желілерде өз шағымдарын жеткізген еді. Бұл мәселені депутаттар Мәжіліс қабырғасында да көтерді.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов домбыра харам деген қоғамда айтылып жүрген пікірлерге қатысты ойын жеткізген болатын.

«Домбыра – харам» деген әңгіме шықты. Мұны айтып жүрген азаматтарға айтарым: біздің ғасырлар бойы қолына домбыра ұстап жүрген бабаларымыз сонда күнәҺар болғаны ма? Бұл жерде біз теріс діни ағымда жүрген, конституциямызға қайшы әрекеттерге, әрине заң жүзінде тыйым салуымыз керек», дейді Қошанов.

Биыл Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай да ұшаққа домбыраны кіргізуге рұқсат беру мәселесін көтерді. Ол алдағы уақытта бұл мәселені түбегейлі шешу керек екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз