Ұлттық валюта құнсызданып, доллар бағамы 480,77 теңгені құрады
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықта теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа сараланған бағамы 5 шілдемен салыстырғанда 1%-ға (4,5 теңгеге) құнсызданды. Осылайша 1 доллар 480,77 теңгені құрады.
5 шілде орташа сараланған бағам 1 долларға 476,27 теңге болған еді.
Биржада төменгі бағам 479,4, ең жоғары бағам – 481,9, сауда сессиясы жабылғандағы бағам – 479,75 теңге болды.
KASE мәліметіне сәйкес, сейсенбі, 9 шілде күні, АҚШ доллары бойынша сауда-саттық көлемі 144,571 млн долларды құрады. 5 шілде сауда-саттық көлемі 170,69 млн доллар болған. Транзакциялар саны – 531.
Ал 10 шілдеге белгіленген еуро бағамы 520,19 теңге болды. Бұл – 2022 жылдың сәуір айының басынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Рубль бағамы 5,51 теңге. Ресей валютасына қатысты айтарлықтай өзгеріс тіркелген жоқ. РФ Орталық банкі Мәскеу биржасында доллар саудасы тоқтағаннан кейін Ресей валютасының бағамын банк деректеріне сүйене отырып белгілейді.
Еске сала кетсек, маусымда теңге бағамы құбыла бастады. Мәскеу биржасына санкция салынған соң рубль да құнсызданып, кейін қалпына келді. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Ресей Федерациясындағы шектеу шаралары KASE-ге айтарлықтай әсер етпейтінін айтты.
Ұлттық банк басшысы айтқандай, бағам «негізгі көрсеткіштерге» оралып жатыр. Оның пікірінше, соңғы айларда байқалған нығаю Ұлттық қордан жоғары сатылымдарға байланысты болды, ал қазір олар төмендеуде.