Жосықсыз деп танылған компаниядан Қорғаныс министрлігіне 1 млрд теңге қаражат қайтарылды

Жарияланды
Ақтөбе әуежайы
Мердігер компания жөндеу жұмыстарын жүргізбеген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Жетіген аэродромының ұшу алаңының жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат Қорғаныс министрлігіне қайтарылды. Бұл жайлы Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Қорғаныс министрлігінің «K-Dorstroy» АҚ-ға 1 млрд 36 млн теңге көлемінде аванстық төлем және 31 млн теңге сомасында тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылды», – деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл компания Алматы облысының Іле ауданындағы «Жетіген» аэродромының ұшу алаңына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек болған. Бірақ келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді орындамаған.

«Сот шешімін ұзақ уақыт орындамауына байланысты Бас әскери прокуратура бірқатар шаралар қабылдап, әділет органдарына қадағалау актісін енгізді. Нәтижелері бойынша залал толық көлемде өтелді: борышкер мемлекет кірісіне 1 млрд 67 млн теңге аударды»,– деп көрсетілген прокуратура хабарламасында.

Сот кабинетінен бұл істі ашып көрдік. Сот құжаттарында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери инфрақұрылым бас басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесімен «К-Дорстрой» компаниясымен келісімшартқа отырғаны айтылған.

«2020 жылғы 10 сәуірде министрліктің Әскери инфрақұрылым бас басқармасымен «К-Дорстрой» АҚ арасында Жетіген аэродромының жазғы алаң элементтерін күрделі жөндеу жөнінде сомасы 12 217 529 649,81 теңгеге келісімшарт жасалған»,- делінген құжатта.

Сонымен бірге сот құжаттарында міндеттемелерді тиісінше орындамауына байланысты 2022 жылғы 7 қарашада Әскери басқарманың 2022 жылғы 15 қарашадағы 13.1.5., 13.1.8 және 13.1.11 тармақшаларына сәйкес мердігерге шартты бұзу туралы хабарлама жібергені жазылған.

Нәтижесінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылдың 10 ақпанындағы шешімімен министрліктің арызы ішінара қанағаттандырылып, «К-ДОРСТРОЙ» АҚ мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған.

Онда жосықсыз деп танылған компаниядан мемлекет кірісіне 1 036 355 441 теңге аванс, 31 090 663 теңге өсімпұл, 32 024 915 теңге мемлекеттік баж өндірілгені туралы жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз