Бәсекелестікті қорғау агенттігі Air Astana мен «Яндекс.Таксиге» ірі көлемде айыппұл салған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Air Astana мен «Яндекс.Таксиге» ірі көлемде айыппұл салынған / Фото: кursiv.мedia

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі прокуратурамен бірлесіп «Эйр Астана» АҚ-ға қатысты отын алымын негізсіз қолданудан көрінген үстем, монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізіп, 876 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін және монополистік қызметке қарсы іс-шаралар туралы есебінде жариялады.

Тура осындай тексеру таксопарктердің экономикалық қызметін, бақылау-кассалық машиналардың бағдарламалық қамтамасыз етуін техникалық қолдау қызметтерін күштеп таңу арқылы үйлестіру фактлері бойынша «Яндекс. Такси Корп» ЖШС-не жүргізілген. Нәтижесінде компания белгіленген айыппұлдарды төлеуден басқа, Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау мемлекеттік қорына 3 млрд теңге берген. |Сонымен қатар монополияға қарсы комплаенс жасалған, оны іске асыру тарифтерді төмендетуге және жүргізушілердің еңбегіне ақы төлеу деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Бұлардан бөлек агенттік «Petrosun» ЖШС, «ТЭК-Қазақстан» сауда үйі» ЖШС, «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС сынды отын-энергетика кешені нарығындағы ірі бизнес субъектілеріне 2,5 млрд теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған.

Агенттік есебінде айтылғандай ірі кәсіпкерлікке баса назар аударудың нәтижесінде өндіріп алынған әкімшілік айыппұлдар көлемі 2,5 есеге жуық өскен.

Сондай-ақ оқыңыз