Halyk Finace сарапшылары базалық мөлшерлемені төмендетуді ұсынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Базалық мөлшерлемені 14,50% деңгейінен төмендету керек пе? / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

12 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Бұл ретте Halyk Finace сарапшысы Мадина Қабжалалова осыған қатысты талдауын жариялады.

Қазіргі уақытта базалық мөлшерлеме 14,50% деңгейінде. Ал маусымның соңында жылдық инфляция 8,4%-ға дейін төмендеді.

«Жыл басынан бері нақты мөлшерлеменің жоғары мәні мен инфляция динамикасын ескере отырып, базалық мөлшерлеме 0,25-0,5 пайыздық тармаққа төмендеуі керек. Дегенмен, монетарлық реттеуші маусымда теңгенің күрт әлсіреуін және сәйкесінше инфляциялық болдамдардың жоғарылауын ескере отырып, монетарлық шарттарды жеңілдетуге сақтықпен қарайтын шығар», – деп есептейді сарапшы.

Сарапшының пайымынша, Ұлттық қордан бюджетке одан әрі трансферттер түсініксіз күйінде қалып отыр. Олардың «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларын сатып алу арқылы ұлғаюы да Ұлттық банктің шешімінде консерватизмді тудыруы мүмкін.

«Айта кетерлігі, Ұлттық банк соңғы кездері базалық мөлшерлемені сақтықпен төмендетіп келеді. Ақша-несие саясаты бойынша соңғы жиналыста оның мәні небәрі 25 тармаққа төмендеді. Қазіргі уақытта Ұлттық банк бұрынғыдан да ұстамды шешім қабылдауы мүмкін», – деп жазылған талдауда.

Мадина Қабжалалованың айтуынша, бұған инфляция ықпал ететін факторлар себеп. Біріншіден, маусымда теңгенің құнсыздануы және осыған байланысты импорттық инфляцияның өсуі. Екіншіден, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтер динамикасы және жанар-жағармай бағасының өсуі. Үшіншіден, бұл ең маңызды фактор, Ұлттық қордан қаражатты алу динамикасы.

Еске сала кетсек, 31 мамыр Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,50% деңгейіне төмендетті. Бас банктің хабарлауынша, жылдық инфляция 2024 жылғы сәуірде 8,7%-ға дейін баяулап, болжам траекториясына сәйкес келеді.

Бұған дейін Ұлттық банк 2024 жылдың 12 сәуірінде базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырды. Реттеуші бұл шешімін инфляциялық қысымның сақталып отыруымен түсіндірді. ҰБ инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз