Натали Портманның кішігірім хикаядағы дебютінен ежелгі рим эпопеясына дейін: жақында жарыққа шығатын жаңа хикаялар

Жарияланды
Жақында жарыққа шығатын телехикаялар / Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дәстүрден жаңылмай, жақында арада жарық көретін әрі көрермендер асыға күтіп жүрген жаңа хикаялар топтамасын ұсынамыз. Бұл топтамада ежелгі заманға саяхат, ескі фильмнің жаңартылған нұсқасын көре аласыздар. 

Жақсы қыздарға арналған кісі өлімі туралы нұсқаулық

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бұған дейін «Уэнздей» телехикаясында Уэнздей Аддамстың бөлмелесі Энид ретінде танылған Эмма Майерс осы жолы кісі өлімін әшкерелеумен айналысады. Холли Джексонның жастарға арналған романы желісінде түсірілген хикаяда Майерс Пип Фитц-Амоби атты кейіпкерді ойнайды. Ол өзі оқитын мектепте бес жыл бұрын болған кісі өлімін әшкерелеуге тырысады. Эммадан бөлек картинада Зейн Икбал да бой көрсетеді. Қысқаша айтқанда, бұл хикая тек жас, сымбатты актерлерімен ғана ерекшеленіп қоймай, интригаға толы сюжетімен де қызық. Оқиға желісі бойынша, Зейн Икбалдың ағасы кісі өлтірді деген күдікке ілінеді. Netflix айтуынша, туынды алдымен детектив, одан кейін ғана жасөспірім шақтан ересек өмірге өту туралы оқиға. Жалпы, «Жақсы қыздарға арналған кісі өлімі туралы нұсқаулық» көпшілікке жеткіншектердің қазіргі заманда өз алдына бөлек ересектер деген идеяны жеткізгісі келетін сыңайлы. 

Санни

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бұл туындыда бүгінде өзекті мәселеге айналған жасанды интеллект тақырыбы үйреншікті детективпен ұштасады. Басты рөл әрі атқарушы продюсер – Рашида Джонс. Ол Жапонияда тұратын америкалық Сьюзи Сакамотоның рөлін ойнайды. Сьюзидің жолдасы мен ұлы отырған ұшақ апатқа ұшырайды. Күйеуі жұмыс істеген технология компаниясы Сьюзиге ауызы жиылмайтын, бәрін білетін Санни есімді робот сыйлайды. Уақыт өте Сьюзи мен Санни апат орнында денесі табылмаған ұлы мен күйеуіне не болғанын анықтауға кіріседі. Джонс қайғы жұтқан, абсурд пен шиеленіске тап болған әйелдің рөлін тамаша сомдап шығады. Жапон кино индустриясының жұлдызы Хидэтоси Нисидзима (Сьюзидің күйеуінің рөлінде) да хикаяның сәтті шығуына өз үлесін қосты десек те болады. 

Шұжықтар отырысы: Foodtopia

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2016 жылы дүкен сөресіндегі азық-түлік туралы «Шұжықтар отырысы» атты анимациялық комедия жарық көрген болатын. Фильмнің көрерменге ұнағаны сонша, әп-сәтте рекорд қаражат жинады. Ал бұл жолғы телевизиялық спин-оффта фильм авторлары бұрынғы дауыстарды қайта шақырған. Сондықтан 10 жылға жуық уақыт бұрын фильмде дауысын естіген Сет Рогенді, Кристен Уигті, Эдуард Нортонды қайта тани аласыз. Бұл жолы хот-дог Франк (Сет Роген) әр тағамның тағдыры – адамның асқазаны екенін түсініп, дүкеннен қашуға бел буады. Фильм продюсерлері Сет Роген мен Эван Голдберг Empire журналына: «Биылғы фильм бұрынғысынан екі есе қызық, үш есе тартымды» деп сұхбат берген. 

Ocean Park императоры

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2002 жылы жарық көрген Стивен Л. Картердің «Ocean Park императоры» кітабы желісімен түсірілген бұл чикаголық телехикаяда Форест Уитакер Оливер Гарланд атты соттың рөлін ерекше қулық қосып ойнайды. Бір қызығы, Гарланд хикаяның басында-ақ жүрегі ұстап қайтыс болады. Бәлкім, кісі қолынан қаза тапқан шығар? Оқиға желісі өткен мен қазіргінің арасында ауысып жүргендіктен тартымды. Бұл іс бойынша сот отырысы Гарландтың өткен ісіне байланысты тоқтап қалады. Марқұмның артында қалған үш баласы көп құпияның бетін ашады. Қызы Мэрайа (Тиффани Мак) әуелден конспирологияға бейім, бірақ әкесін біреу өлтірді деген күдігі жаңылдырмады. Дегенмен екі ағасын көндіру қиянға соғады. Шаңырағы шайқалуға сәл-ақ жүрген құқықтану профессоры Тал (Грэнтэм Коулман) мен журналист Эддиосн (Хенри Симмонс) бауырларының дәлелдеріне сынмен қарайды. Көрермендерің ойынша, бұл хикая заң туралы триллерлердің де телевизияға жарасатынын көрсеткендей. 

Басбұзарлар

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Уақыт шарлау қай жастағы көрерменге де қызық фантазия. Бұл отбасылық сериалдың негізгі оқиғасы осы саяхатқа негізделген. Жалпы хикаяны 1981 жылы жарық көрген Терри Гиллиамның фильміне сүйеніп түсірген. Ол фильм ғасырдан ғасырға оңай секіретін ұрылар туралы болатын. Ал бұл хикаяда ұрылар тобын Пенелопа (Лиза Кудроу) басқарады. Өз тобына 11 жасар Кевинді қосып, түрлі уақыт белдеулеріне аялдайды. Телехикая арқылы стоунхендж, мұз дәуірі сияқты уақыттарға сапар шегуге болады. Туынды авторлары – Джемейн Клемент пен Тайка Вайтити. Бұл екеуі бұған дейін вампирлер туралы «Қараңғыда не істейміз» деп аталатын жалған деректі фильм жасаған еді. Дегенмен бұл хикая шықпай жатып, дауға қалды. Актерлердің бірі физикалық және психологиялық зорлық көрдім деп шағымданған. Paramount Television Studios мәселені толық зерттейтінін, қажет шаралар қабылдайтынын хабарлағанымен, әлі толық ақпарат бермеді. 

Өлімге бел байлағандар

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Хикаяда Энтони Хопкинс рим императоры Веспасианның рөлін ойнайды. Бұл туынды биыл қарашада шығатын Ридли Скоттың «Гладиатор 2» фильмімен байланысты десек те болады.  Хикая авторы – Роберт Родат, ол бұған дейін «Райан жауынгерді құтқару» фильміне сценарий жазған. Актерлік құрамға келсек, «Тақтар таласында» Рамси Болтонды ойнаған Иван Реон бар. Ол бұл туындыда криминал әлемде беделді құмар ойыншыны сомдайды. Бұл хикаядан жаңа салынған Колизейде құмар ойнаған кадрларды көре аласыздар. 

Көлдегі ару 

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Натали Портман алғаш рет телесериалда бой көрсетпек. Режиссер Альма Харельдің туындысы Балтимордағы күні бүгінге дейін әшкереленбеген кісі өлімдеріне негізделген шынайы оқиға. Мэдди ШВарц есімді журналист Балтиморда қатарынан екі өлімнен соң үй-жайын ұмытады. Суға батып өлген әйелдің өлім себебін анықтаймын деп мықты журналиске айналады. Бұл оқиғалар туралы Лора Липпман роман да жазған. Ал бұл телехикая феминизм, нәсілшілдік мәселелерін көтереді. Сериал да Балтиморда түсірілген. 

Декамерон

Пандемиядан қашқан бір топ адам Флоренция маңындағы үлкендеу виллаға жасырынады. Обадан тасалану мақсатында жиналғандар түрлі қызық оқиғасын айтып, көңіл аулайды. Бұл қызық әрі мұңды комедия атворы Кэтлин Джордан Бокаччоның классикалық кітабын «кішігірім қызық оқиғаларға» бөлуге тырысқанын айтады. Оқиға 1348 жылы Флоренцияда өтіп жатады. Тоны Хейл, Зося Мамет, Сирша-Моника Джексон сынды актерлер шақыртылған. 

Көк киген әйелдер

Apple TV, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Испан тіліндегі драмада оқиға 1970 жылғы жаңалыққа негізделген. Яғни, Мехикодағы полиция қатарын әйелдердің толықтыруымен байланысты. Дегенмен бәрі біз айтып отырғандай оңайға соқпады. Хикая төрт әйелдің оқиғасын баяндайды. Жұмысқа тұрған соң көп ұзамай өздері тек жарнама ретінде пайдаланылып жүргенін, олардан шын күрес күтпейтінін, тіпті қару орнына ысқырық беріп шектелгенін түсінеді. Киімдері де полиция емес, сол кездегі бортсеріктердің формасына ұқсайды. Мария (Барбара Мори), Габина (Аморита Расгадо), Валентина ( Наталья Теллес) бұл қауымдастықтың толық мүшесі болуға күреседі. 

Сондай-ақ оқыңыз