Қазақстанның басым бөлігінде алдағы үш күнде жаңбыр мен бұршақ жауса, кей өңірде 40 радусқа дейін ыстық болады – «Қазгидромет» болжамы

Жарияланды
дауылды нөсер
Қазақстанның басым бөлігінде дауылды нөсер болады деп күтілуде / shutterstock

Қазақстанның бірнеше өңірінде алдағы үш күнде қатты жаңбыр жауып, дауылды нөсер болады. Кей өңірлере бұршақ жауады деп күтілуде. Бұл жайлы «Қазгидромет» баспасөз қызметі хабарлады.

«Алдағы үш күнде атмосферадағы синоптикалық жағдай оңтүстік циклонның әсерінен қалыптасады, ауа-райы бұлтты болады деп күтілуде, өткінші жаңбыр жауады. Солтүстік-батыста, оңтүстік-шығыста, 12-13 шілдеде батыста, 13 шілдеде оңтүстікте, орталықта кей уақыттарда қатты жаңбыр жауады. Қазақстан бойынша найзағай, бұршақ, дауыл және жел күшеюі күтілуде»,– делінген хабарламада.

Атап айтқанда, 2024 жылдың 11-14 шілде аралығында қатты жаңбыр болады деген болжамға сай Алматы облысының таулы және тау етегіндегі аймақтары, Алматы қаласы маңындағы таулы аймақтарда өзен суының деңгейі көтерілуі күтіледі. Қатты жауыннан су жайылып, өзен маңындағы жерлер мен елдімекендерді су басу қаупі артады.

«Қауіпті деңгейден асып кеткен жағдайда, өзендердің жайылма аумақтарында орналасқан елдімекендерді, шаруашылық құрылыстарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады», – деп ескертеді «Қазгидромет».

Жетісу облысының таулы аудандарында да аракідік қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Солтүстік-шығыстан жел соғып, облыстың солтүстігінде екпіні 15-20, Алакөл көлдері ауданында 23-28 м/с дейін жетеді.

Ал Ұлытау облысында найзағай қатты жарқылдайды, Солтүстік Қазақстан облысында тұман түсуі болжанып отыр .

Ал БҚО мен Ақтөбеде қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Дауыл соғып, жел екпіні 15-20 м/с құрауы мүмкін.

Ал Маңғыстау облысында 11 шілдеде күндіз шаңды дауыл көтеріледі. Желдің екпіні облыстың солтүстігі мен орталығында 15-20 м/с жетеді. Күндіз облыстың оңтүстігінде 38 градус қатты ыстық болады.

Қызылордада күн қатты ысып, бұл күндері аймақта ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.

Алдағы бірнеше күнде күндіз еліміздің батысында ауа температурасы+25+30°С дейін, солтүстік-батыста +20+30°С дейін төмендесе, республиканың солтүстігі мен шығысында +28+38°С дейін жоғарылауы мүмкін. Қалған өңірлерде ауа температурасына қатысты айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды.

Сондай-ақ оқыңыз