Қазақстандықтар 1 қыркүйектен бастап, 3,7 млн теңгеден асатын несиені жұбайының келісімінсіз рәсімдей алмайды

Жарияланды
Қазақстандықтар жұбайының келісімінсіз 1 мың АЕК-тен асатын сомаға несие рәсімдей алмайды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар 1 қыркүйектен бастап, жұбайының келісімінсіз 3 692 000 теңгеден (1 мың АЕК) асатын сомаға кепілсіз және шағын несие рәсімдей алмайды. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатында жазылған.

Қаулыда банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының келісімін алу тәртібі және оны алу үшін жұбайының келісімі қажет болатын несиенің ең төменгі мөлшері бекітілген.

«Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін»,- делінген құжатта.

Жаңа қағидаларға сәйкес кредитор, жеке тұлғаға кредит беру туралы шешім қабылдағаннан кейін азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесі (АХАЖ АЖ) арқылы оның жұбайы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюролардан АХАЖ АЖ-да бар ақпаратты алады.

«Клиентке кредит беруге жұбайының келісімі клиенттің жұбайы туралы АХАЖ АЖ-да ақпарат болған кезде талап етіледі, ол жөнінде кредитор «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» немесе «Микроқаржылық қызмет туралы» заңдардың баптарына сілтемелерді міндетті түрде көрсете отырып, клиентке және оның жұбайына хабарлайды»,- делінген құжат түсіндірмесінде.

Бұл келісім жазбаша еркін нысандағы қағаз тасымалдағышта немесе электрондық нысанда ресімделеді. Қағаз тасымалдағышта рәсімделетін құжатта:

  • келісімнің ресімделген күні;
  • клиент және оның жұбайы (зайыбы) туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі;
  • кредит туралы мәліметтер: сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеу арқылы сыйақы мөлшерлемесінің көлемі көрсетілуі керек.

Қағаз тасымалдағышта ресімделетін келісімге клиенттің жұбайы немесе оның нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген адамы қол қоюы керек.

«Электрондық түрде ресімделетін келісім кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымы не клиенттің жұбайын (зайыбын) биометриялық идентификаттауды қамтамасыз ете отырып, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беріледі»,- делінген құжатта.

Электрондық түрде ресімделетін келісімді клиенттің жұбайы Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңба арқылы осындай келісімді алған уақыттан бастап қырық сегіз сағат ішінде куәландыруы қажет.

Еске сала кетсек, бұл жоба осыған дейін Сенатта талқыланған болатын. Талқылау кезінде қомақты сомадағы несиені алу кезінде ерлі-зайыптылардың өзара келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы алаяқтық операцияларды азайтуға сеп болатыны айтылған.

Бұл қаулы 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз