Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы әкімдігі бейбіт митиң өткізетін орындарды ауыстырады
Алматы қаласының әкімдігі бейбіт митиң өткізуге рұқсат етілген орындарды өзгертеді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталында орналастырылған Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының құжатында жазылған.
Құжатта: «Қызметіне бөгде адамдар мен адамдар топтарының, оның ішінде бейбіт жиналыстар, шерулер пикеттер және басқа да акциялар ұйымдастырушылардың тікелей жақын жерде болуы әсер етуі мүмкін аумақтардың, объектілер мен учаскелердің барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мамандандырылған орынды Шоқан Уәлиханов атындағы скверден Амангелді Иманов атындағы скверге көшіру қажет»,- деп жазылған.
Мұндағы Шоқан Уәлиханов атындағы сквердің сыйымдылығы 1000 адамды құраған болса, Иманов атындағы скверге 500 адам сыяды.
Сондай-ақ әкімдік бейбіт шеру ұйымдастыруға берілген Шевченко көшесіндегі орын да ауысады. Енді шерушілер Жамбыл көшесі бойымен Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейінгі жаңа маршрут бойынша жүретін болады.
Осылайша Алматыда бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат етілген 3 орын бектілді. Олар мыналар:
- «Сары Арқа» кинотеатрының артындағы гүлзар ауыспады. Ол жерге 1 000 адам сыяды.
- Амангелді Иманов атындағы саябақ;
- Юрий Гагарин даңғылынан бастап Жамбыл Жабаев көшесінің бойымен Сәбит Мұқанов көшесіне дейін. Бұл бағыт бойынша 1000 адамға дейін жүріп өте алады.
Мәслихаттың бұл шешімі алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың желтоқсанында Алматы мәслихаты митиң өткізудің шарттарына өзгеріс енгізген болатын. Оған сәйкес бейбіт шеру төменде аталатын орындардан 400 метр қашықтықта өткізілуі тиіс:
- жаппай жерлеу орындарында;
- теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;
- мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;
- Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;
- қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;
- магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда тыйым салынған.
Ал 2020 жылғы мәслихат шешімімен бейбіт жиналыстар аталған орындардан кемінде 150 метр арақашықтықта өткізілуі керек болған.