Астанада спорт мекемесінің жаттықтырушылары 40 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Мекеме жаттықтырушылары спортшылардың жүріп-тұруы мен тамақтануы туралы жалған есептер беріп келген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров 

Астанада Олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясында жүйелі түрде бюджет ақшасы ұрланған. Мекеме жаттықтырушылары спортшылардың жүріп-тұруы мен тамақтануы туралы жалған есептер беріп, 40 миллионнан астам қаржыны қалталарына басқан. Қылмыстық істі Қаржы мониторинг агенттігі анықтады.

ҚМА жариялаған ақпаратқа сүейенсек, 2021-2022 жылдар аралығында ҚММ лауазымды тұлғалары оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырған.

«Іс жүзінде жиындар өткізілмеген, жаттықтырушылар спортшылардың жүріп-тұруы және тамақтануы туралы жалған есептер тапсырды. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген залал сомасы 40 млн теңгеден асады. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды»,- делінген хабарламада.

Айта кетейік Қаржы мониторингі агенттігі Қостанай облысында салынған ауыл амбулаториясын қабылдап алу үшін авторлық қадағалау тобының басшысы 9 млн теңге пара бопсалағанын анықтады.

Сондай-ақ агенттік бұған дейін гидротехника нысандарын күтіп-ұстауға бөлінген 1 млрд теңгенің жымқырылғанын анықтаған. Қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласы, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облысында жымқыру белгілері бойынша төрт іс қозғады. 5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асқаны хабарланды.

Бұдан бөлек, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына бөлінген қаражаттан 105 млн теңгені жымқырған екі басшы сотталды.

Сондай-ақ оқыңыз