Ет сататын орындарда өнім сапасы туралы ақпарат беретін QR-код орналастырылды
Енді сөредегі өнімнің жарамдылығы, ет сапасы туралы QR-код арқылы білуге болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа жоба жөнінде хабарлады.
«Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» модулі Ресей Федерациясымен шекаралас Шарбақты ветеринарлық бақылау пунктінде сынақтан өткен. Министрлік оның нәтижесіне оң баға беріп отыр.
Қазіргі уақытта QR-кодпен 117 мыңнан астам ветеринариялық анықтама бланкілері және 438 мың сараптама қорытындысы шығарылды.
Бұл модуль мал союдан бастап оның сатуға шығарғанға дейінгі кезеңді толық қадағалауға мүмкіндік береді. Ветеринариялық тексеру, өнімге сараптама жүргізу туралы ақпаратты тұтынушылар QR-код арқылы біледі.
«Жүйе сою және ішкі сауда объектілерінде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткеннен кейін сараптама актісін берудің бизнес-процестерін автоматтандырады. Сондай-ақ жануардың толық өмірлік циклі туралы ақпараты бар QR-кодты қалыптастырады. Бұл QR ет сату орындарында орналастырылады, малдарды ветеринарлық тексерусіз және ұшалар мен ағзаларды сараптамасыз союдың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады ведомство.
Барлық облыста және қалаларда жаңа жоба іске қосылды. Жүйеге 1664 мал сою орны, ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханалары, сауда орындары қосылған.
Кейінгі он жылда елдегі мал шаруашылығы жақсы дамыған. Әсіресе, ет өндіру қарқын алды. Оған бұл бағытта жыл сайынғы өнім көлемі шамамен 2,5 пайызға артқаны дәлел. 2010-2021 жылдар аралығында ет өндіру 47%-ға өссе, сүт – 16%-ға, жұмыртқа өндірісі– 30%-ға өскен.