АҚШ Украинаға құны 225 млн доллар болатын қорғаныс көмегін жібереді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
АҚШ Украинаға құны 225 млн доллар болатын қорғаныс көмегін жібереді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ Украинаға құны 225 млн доллар болатын көмек пакетін дайындады. Бұл жолы көмек пакетіне ресейлік ракеталардан қорғайтын қорғаныс құралдары кіреді.

DW ақпаратына сүйенсек, 11 шілде АҚШ үкіметі дайындаған пакет құрамына әуе қорғанысы жүйесі, сондай-ақ зымырандар, ату жүйелері және 155 және 105 мм калибрлі артиллериялық оқ-дәрілер кіреді. Көмек көрсету туралы Вашингтонда өткен НАТО саммитінде АҚШ президенті Джо Байденмен Украина президенті Владимир Зеленский келісімге келген.

Пентагон мәліметі бойынша, Ресей Украинаға толыққанды басып кірген 2022 жылдан бері АҚШ Киевке 53,7 млрд доллар көлемінде әскери көмек көрсетіп үлгерген.

Сәуірде АҚШ Сенаты Украина, Израиль мен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы одақтастарына қосымша қаржылық көмек көрсету туралы заң жобаларын мақұлдаған. Соның ішінде Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасында Киевке шамамен 61 млрд доллар бөлу қарастырылған.

Заң топтамасында Ресей, Қытай, Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізу, соның ішінде тәркіленген ресейлік активтерді Киевке беру және қытайлық жеке ByteDance компаниясына тиесілі TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мүмкіндігін қарастыратын заң жобасы да бар.

Наурызда АҚШ Украинаға көмек ретінде 300 млн долларлық қару-жарақ пакетін бекіткен. Бұл биыл көрсетілетін алғашқы ірі көмек болды. Осыған дейін Вашингтонның Киевке көмегін Конгресстегі республикалық партия өкілдері бұғаттап келген.

Сондай-ақ оқыңыз