Еліміздегі 200-ге жуық кәсіпорынның қызметкерлері алдындағы қарызы 2,9 млрд теңгеден асады
Қазақстанда өз қызметкерлеріне уақытылы жалақы төлей алмай отырған 200-ге жуық кәсіпорын бар. Бүгінде жалақы бойынша берешек сомасы 2,9 млрд теңгеден асады. Осылай деп мәлімдеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдар мен кәсіпорындарға жүргізілген текеріс нәтижелерін жариялады.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары ұсынған мәліметке сүйенсек, 1 шілдедегі жағдай бойынша елдегі 190 кәсіпорн 11,2 мың жұмыскерге 2,9 млрд теңгеден астам сомаға қарыз. Жалақы бойынша берешектен бөлек түрлі ұйымдарда 5,6 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды.
«Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 182 ұйғарым берілді және 26,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды»,- деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Аталған кемшіліктерді жою бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесінде 9,5 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2,2 млрд теңге төленді.
«Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында. 2024 жылғы 1 шілдедегі деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 549 тексеру жүргізді. Оның барысында 5 607 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 4 067; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 485; халықты жұмыспен қамту бойынша – 55. Жұмыс берушілерге 2 147 ұйғарым беріліп, 276,3 млн теңге сомасына 2 628 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 19,2 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды», – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, биыл наурыз айында 31 кәсіпорынның 1,6 мың жұмысшыға 700 млн теңге жалақы төлемегені анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов былтыр инспекторлардың 7 мыңға жуық тексеру жұмыстарын жүргізгенін, анықталған олқылықтарды жою бойынша 4 мыңнан аса нұсқама берілгенін айтты. Сонымен бірге 400 млн теңгеден астам сомаға 2 400 айыппұл салынған.
2023 жылы кәсіпорындар жұмысшыларға 6,3 млрд теңге қарыз болған
Еске сала кетсек, күзде Қазақстанда еңбек инспекторлары жалақы төлемеген жұмыс берушілерге 1224 ұйғарым беріп, 170 млн теңгеден астам сомада айыппұл салғаны туралы Еңбек және халықты әлеуметтік комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтқан болатын.
2023 жылы 940 кәсіпорын 24 мың қызметкерге 6,3 млрд теңгеден астам қарыз екені анықталған. Арнайы комиссияның жұмысынан кейін 22 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалған. Ұйымдардан 5,4 млрд теңге өндіріліп алынған. Ал 1 900 қызметкер 34 кәсіпорынан 910 млн теңге қарызын ала алмаған.