Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25%-ға дейін төмендетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық Банктің (ҰБ) Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 14,25%-ға дейін 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Бас банктің хабарлауынша, өткен айларда жылдық инфляция ҰБ болжамы шегінде қалыптасқан. Дегенмен елде инфляциялық қысым сақталып тұр.

«Биылғы мамыр және маусымда жылдық инфляция Ұлттық Банктің болжамдары шегінде олардың орталық мәнінен төмен қалыптасып, біртіндеп төмендеп келеді. Халықтың инфляциялық күтулері сәуірдегі жоғары мәндерден кейін төмендеді. Әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі мен Ресейде инфляцияның жеделдеуіне байланысты сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыздау болып отыр. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру мен тұтынушылық кредиттеу қолдайтын тұрақты ішкі сұраныстың, сондай-ақ жалғасып жатқан реттелетін бағалар реформасының салдарынан инфляциялық қысым сақталуда», – делінген ҰБ хабарламасында.

Жылдық инфляция да 2024 жылғы маусым айында 8,4%-ға дейін төмендеп, Ұлттық Банк болжамдары шегінде қалыптасқан.

«Баға өсуінің баяулауына азық-түлік тауарларының төменірек инфляциясы, сондай-ақ тарифтік реформаны іске асыру қарқынының бәсеңдеуі негізгі  үлес қосуда. Осыған қарамастан, жылдық инфляция құрамында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы және нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтердің бағасы барынша өсіп келеді», – дейді Ұлттық банк.

Жыл басында 15,25% құраған бағалық мөлшерлеме біртіндеп төмендеп келеді. Ақпан мен сәуір айында Ұлттық банк негізгі көрсеткішті 14,75% деңгейінде сақтады. Ал маусым айындағы шешімінде бас банк базалық мөлшерлемені 14,5 пайызға төмендеткен болатын.

Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан қаржы нарығы өкілдерінің 71%-ы базалық мөлшерлеме жылдық 14,0–14,25%-ға дейін төмендейді десе, ал қалғандары өзгеріссіз қалады деп пікір білдірген.

Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды. 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті.

Сондай-ақ оқыңыз