Ұлттық банк жылдық инфляцияны 5%-ға дейін төмендетпек

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Инфляцияға қандай факторлар қысым жасап отыр? / Архив: kursiv.media

Ұлттық банк аталған көрсеткішті 5%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Бұған дейін Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,25%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылдаған.

«Қабылдаған шешіміміз ақша-кредит саясатының ұстамды қатаң сипатын сақтау позициясына негізделген. Бұл бағаның өсуін бәсеңдетуге және инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізуге арналған трендті бекіту үшін қажет», – деді Сүлейменов.

Маусымның қорытындысы бойынша, бағаның өсуі жылдық мәнде
8,4%-ке дейін баяулады. Енді Ұлттық банк бұл көрсеткішті 5% дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Алайда бас банк басшысының айтуынша, сыртқы инфляциялық жағдай әлемдік азық-түлік бағасының динамикасына және Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне қарай қолайсыз қалыптасып отыр.

«Сыртқы ақша-кредит шарттары әлі де қатаң қалпында. Ұлттық экономикада орнықты тұтынушылық сұраныс инфляциялық қысымды сақтап отыр. Ол фискалдық ынталандыруға және тұтынушылық кредиттеуге байланысты», – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы қаңтарда реттеуші Қазақстан үшін инфляцияның ең оңтайлы деңгейі – 5-7% деп хабарлаған. Сәуір айында елде жылдық инфляция баяулап, 8,7%-ды құрады (наурызда – 9,1%). Ұлттық банк дерегінше, 15 өңірде жылдық инфляция бәсеңдеді. Ал 4 облыста қарқын алып, 1 өңірде өзгеріссіз қалды.  

Сондай-ақ оқыңыз