Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан Қара теңіз суасты электр беру желісіне қосылу мүмкіндіктерін қарастырады

Жарияланды
Қазақстан Әзірбайжан және Өзбекстан бірігіп жасыл энергия көздерінен өндірілген электр энергиясын Еуропаға тасымалдау жолдарын бірге зерттейді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан Әзірбайжан және Өзбекстан елдерімен жасыл энергияны дамыту және беру саласында стратегиялық әріптестік орнатады. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған Энергетика министрлігінің құжатында жазылған.

Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін өзара қосу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға 2024 жылдың 1 мамырында Ташкентте қол қойылған.

Тараптар экологиялық таза энергия көздерінен өндірілген электр энергиясын Еуропаға және басқа өңірлерге беру және жеткізу саласында бірлесіп ынтымақтасуға келіскен.

Бұл келісімге сәйкес үш ел Еуропада энергия тасымалдаушылар мен транзиттік маршруттарды жеткізуді әртараптандыруға ықпал ететін энергетикалық инфрақұрылым саласындағы жаңа бастамаларды бірлесіп іске асырады.

Сонымен бірге елдер жаңа технологияларды қолдану және энергия тиімділігін арттыру, энергия үнемдеу жөніндегі қызметтерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты қолдауға және экологиялық таза энергия көздерін өндіру, тасымалдау және сауда саласындағы қызмет үшін мүмкіндіктерді зерделеуге келіскен.

Бұл елдердің билігі инвесторларды осы салалардағы жобаларды қолдау және дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Олар Қара теңіз суасты электр беру желісіне қосылу мүмкіндіктерін зерттейді.

Құжатта: «Тараптар Қара теңіз суасты электр беру желісіне қосылуға байланысты техникалық және қаржылық мәселелерді зерделеу бойынша бірлескен жұмысқа қызығушылық білдіруі тиіс. Олар өздерінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалану немесе транзит үшін жаңа экологиялық таза сутегі мен экологиялық таза аммиак құру мүмкіндіктерін зерттейді»,- деп жазылған.

Аталмыш келісімді жүзеге асыру үшін басқарушы комитет құрылады. Басқарушы комитет шешімді өзара келісім бойынша қабылдайды.

Басқару комитеті жылына кемінде екі рет жиын өткізеді. Комитет отырыстары әр елде ротация негізінде өткізіледі. Ал отырысқа қабылдаушы ел төрағалық етпек.

Сонымен бірге әрі елдің құзыретті органдары мен тиісті мекемелерінің өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құруы керек болады. Топ мүшелері тиісті саладағы қызметті айқындауға, ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша жыл сайынғы ынтымақтастық жоспарларын әзірлейді және басшы Комитетке бекітуге ұсынып отырады.

Еске сала кетсек, Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тартуға келіскені туралы «Курсив» жазды. Осыған байланысты халықаралық трансмиссиялық дәліздерді (қаржыландыру, кірістер ағыны және иелік ету) дамыту және Еуропалық Одақ елдеріне жасыл энергияны сату үшін болжамды бизнес-модель әзірленетінін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз