Қазақстан былтыр 25 мың тонна балық өнімдерін экспорттады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан былтыр 25 мың тонна балық өнімдерін экспорттады/ Фото: kursiv.media архивінен

Қазақстанда кәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында жүргізіледі. Өзен-көлдерде жыл сайын шамамен 45-50 мың тонна балық ауланады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, 2021 жылмен салыстырғанда балық өсіретін шаруашылықтардың саны 2023 жылы 2,5 есе артып, 502-ге жетті. Ал балық өсіру көлемі 7-ден 17 мың тоннаға дейін ұлғайды. Каспий және Арал теңіздерінің, Балқаш және Зайсан көлдерінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары балық баптауға қолайлы.

«2023 жылы мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары мен жеке балық өсіру шаруашылықтары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бағалы балық түрлерінің 100 млн дана шабақтарын өсірді. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Бұл ретте, балық шаруашылығы субъектілері 2023 жылы бекітілген су қоймаларына бағалы балық түрлері шабақтарының 162,3 млн данасын шығарды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 29%-ға артық», – делінген ведомство ақпаратында.

Жыл басында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев балық өсіретін шаруашылықтарға субсидия беру қарастырылатынын айтты. Балық өсіруге пайдаланатын суды беру құнының шығынын ішінара өтеу көзделді. Оған қоса шаруашылықтарға берілетін несиенің пайыздық сыйақысын ішінара өтеу ұсынылды.

Былтыр Қазақстан 21 елге 25 мың тоннаға жуық балық өнімдерін экспорттады. Балық өнімдерінің 50-ден астам түрі есепке алынды. Ең ірі тұтынушылар — Ресей, Германия, Нидерланды, Литва және Қытай.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мамыр айында балықшылар мәселесін көтерді. Ол балық етін өңдейтін кәсіпорындарға қысым жасалып жатыр деп мәлімдеген.

«2023 жылдың қазан айынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерінде балық өнімдерін өңдейтін  тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Зауыттардың барлығы өнімді экспортқа шығарушы болып табылады. Яғни бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады! Отандық балық өнеркәсібі саласы 1300-ге жуық балық шаруашылығының субъектілерінен тұрады, аталған салада және еншілес кәсіпорындарда 500 000-ға жуық адам жұмыс істейді», деді мәжілісмен Бас Прокуратура мен Қаржы агенттігіне жолдаған сауалында.

Антикор Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы мен басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған еді. Одан кейін тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолдағаны мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз