Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі тұжырымдамасы аясында қалдықтарды жинау операторы болып отырған «Жасыл даму» шотына 2022 жылдың басынан бері 700 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Бұл туралы «Жасыл даму» басқарма төрағасының орынбасары Шынасыл Ерназар айтты. Ұйым түскен қаржысын қайда жұмсайды?
«Алынған 725,2 млрд теңгенің басым бөлігі немесе 66%-ы (482 млрд теңге) Қазақстанда өндірілген немесе сырттан әкелінген ауыл шаруашылығы техникасына жұмсалады. Тауарлар мен қаптамаларды импорттаушылардан түскен түсімдер 24,2 млрд теңге. «ӨКМ операторы» жеке компаниясынан 219 млрд теңге түсті»,- деген спикер барлық қаражат Экологиялық кодексте көрсетілген мақсаттарға бөлінгенін атап өтті.
Оның 470 млрд теңгесі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ («Бәйтерек» мемлекеттік холдингінің еншілес ұйымы) арқылы қайтарымды негізде жобаларды қаржыландыруға бөлінген. Атап айтқанда, 180 млрд теңге халыққа жеңілдетілген автонесиелерді қаржыландыруға, ауыл шаруашылығы техникалары мен автобустар паркін жаңартуға лизингке берілді. Ал 200 млрд теңге қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу, өрт сөндіру машиналары мен басқа да арнайы техникалар сатып алу жобаларын қаржыландыруға жұмсалды.
Бұған қоса алдағы уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі, Су министрлігі (50 млрд теңге), Экология министрлігі (жаңа өрт сөндіру машиналары үшін 40 млрд теңге), сондай-ақ автобустар (45 млрд теңгеге 1 мыңнан астам автобус) сынды арнайы техника сатып алуға қосымша 90 млрд теңге бөлмек.
Тағы 242,5 млрд теңге көлік және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге утильалымын қайтаруға бағытталады. Шынасыл Ерназардың айтуынша, утильалымын енгізудің арқасында Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жаңа зауыттар мен сұрыптау желілері салынатынын атап өтті. Сонымен қатар қалдықтарды жинаумен, сұрыптаумен және өңдеумен айналысатын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жаңғыртылатынын атап өтті.
«Көлемі жылына 3 млн тоннаны құрайтын 21 қоқыс сұрыптау желісі және қуаттылығы жылына 1,2 миллион тонна болатын 45 қайта өңдеу зауыты ашылып, 223 бірлік арнайы техника сатып алынады. Осы жобалар аясында 46 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тарту және 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда», – деді спикер.
Жеңілдікті автонесие аясында 13 мыңнан астам отбасы Қазақстанда жасалған жаңа автокөліктерді, ал шаруалар ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікті лизинг арқылы 2 мыңға жуық арнайы көлік сатып алды.
Еске салсақ, мамыр айының соңында E-Petition.kz ресми порталында жарияланған утильалымға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналған болатын. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің 90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Мәдениет және ақпарат министрлігі өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатынын мәлімдеген болатын.
Ал маусым айының басында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утиль алым мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы шегерілгенін мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметі петицияға бастама көтерген азаматтар талапты орындамады деген уәж айтқан. Ереже бойынша мекеме ғимаратында келушілер ұялы телефондарын кіре берісте қалдыруы керек. Алайда өтініштің бастамашысы Санжар Боқаев және оның өкілдері регламент талаптарын орындаудан және жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты.