«Стати ісі»: Қазақстан ұзаққа созылған дауда бір келісімге келді ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
«Стати ісіне» нүкте қойылды ма? / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан молдовалық бизнесмен Анатол және Габриэль Статимен арадағы дауда бір келісімге келген. Бұл туралы өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып ҚазТАГ агенттігі хабарлайды.

«Қазақстан үкіметі Стати бизнес отбасымен ұзаққа созылған дауды шешті», – деп хабарлаған ҚазТАГ агенттігінің дереккөзі.

Сонымен қатар бұл келісімде Қазақстан бюджетінен қаржы жұмсалмайтыны жазылған.

«Стати ісіне» қанша қаржы кетті?

Стати дауының бітпей келе жатқанына 12 жыл болды. Бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы шығындалуда. Бейресми мәлімет бойынша, Қазақстан жыл сайын шетелдік адвокаттарды жалдауға 60 млн доллар жұмсап жатыр. Әділет министрі Азамат Есқараев былтыр істі сағызша созбай, мәселені шешуді қалайтынын жеткізген.

Осы тұста «Ақ жол» фракциясының депутаттары Стати дауына Қазақстан қанша қаржы жұмсағанын, кімді байытып жатқанын ашық жариялауды сұрап депутаттық сауал жолдаған еді.  Азат Перуашев осы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған, Марат Бекетаев пен Бауыржан Байбекке қатысы бар «Bolashak Consulting group» компаниясының қызметіне күмән келтірді.

Алайда биыл мамыр айында Әділет вице-министрі Стати ісіне қанша бюджет қаражаты жұмсалғанын нақты айта алмады. Ботагөз Жақселекова қаржы мәселесі коммерциялық құпияға жататынын мәлімдеді.

«Стати ісінің» мәні

Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы 4 млрд доллар талап етті. 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді.

Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Осылайша Қазақстан молдовалық олигархтарға қарыз болып қалды.

Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын тексерді. Сөйтіп шетелдік компанияға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапты деп кінә тақты. Бұған қоса Анатол Статиді газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра бағалады, көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғыларға 72 млн доллар аударды деп айыптады.

Статидың сағы сынбады. Ол, керісінше, өшігіп, өршеленіп кетті. Қазақстанның шетелдегі қаржысының құтын қашырды.

Ұлттық қордың 22 млрд доллары бұғатталды. 2017 жылдың соңғы күндерінің бірінде Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастады.

Молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Статидің құрығы 2018 жылдың басында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мұхиттың арғы жағындағы акцияларына да жетті.

Амстердамның аймақтық соты голландиялық KMG Kashagan BV компаниясындағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 5,2 млрд доллар көлеміндегі активіне шектеу қойды. Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкі сотқа шектеуді алу туралы шағым түсірді. Алайда бұл талап орындалған жоқ.

Осыған қатысты сол кездегі Әділет министрі М. Бекетаев: «Қазақстанның бұғатталған қаржысын ешкім тартып ала алмайды. Актив біздің меншікте қалады», – деген пікір білдірді.

2018 жылғы 23 қаңтарда Амстердам қаласының аймақтық соты Bank of New York Mellon қаржылық ұйымының кастодиалдық сақтауындағы ҚР Ұлттық қорының активтеріне қойылған шектеуді жою жайлы ҚР Ұлттық банкінің өтінішхатына қатысты оң шешім шығарды.

Голландиялық сот 22 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойды. Сот Ұлттық банктің және процеске үшінші тарап ретінде қатысқан ҚР Әділет министрлігінің ұстанымын мойындап, Ұлттық қорға қол сұғылмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз