Министрліктің жаңа талабы: енді мұғалімдер діни экстремизмнің алдын алумен айналысуы мүмкін
Енді мұғалімдер мектептерде діни экстремизмнің алдын алумен де айналысуы мүмкін. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған бұйрық жобасында айтылған.
Құжат орта білім беру ұйымдарында мектеп директоры орынбасарларына, пән мұғалімдеріне, әдістемелік орталық басшысы орынбасарларына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың жастар жөніндегі инспекторларына діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі міндеттерді беруді көздейді.
«Бұл рухани-адамгершілік құндылық, толеранттылық, сондай-ақ экстремизмнің алдын алу бойынша педагогикалық қызметтің түрін ұйымдастыруды іске асыруға бағытталған»,- делінген құжатта.
Бұл өзгерістер кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасының бірінші тармағын іске асыруға бағытталған. Жаңа талаптар мектеп директорының орынбасарлары, әдістемелік орталық меңгерушілері мен жастар ісі жөніндегі инспекторлардың міндеттеріне кіретін болады.
Сондай-ақ педагогтерге «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңды білу талабы енгізіледі.
Биыл мамыр айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев дін мәселесі білім беру саласынан бөлек болуы тиіс екенін айтқан еді. Сондай-ақ Министр хиджаб мәселесінде барлық білім беру ұйымы ескертусіз тексерілетінін айтқан болатын. Бұл жекеменшік мектептерге де қатысты. Бұған қатысты мектептердің өз ережелері мен мен заңдары барын еске салды.
Еске салсақ, былтыр жыл соңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі хиджап мәселесі шешілген, орамал тағуына байланысты мектепке бара алмай жүрген оқушы жоқ деп мәлімдеген еді. Министр қыркүйектің басында хиджаб кигеніне байланысты 150-ден астам қыз мектепке бармағанын, бірақ кейін ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қауіпсіздік мақсатында нақты хиджабқа емес, бетперделі киімдерге қатысты заң нормалары қарастырылатынын айтқан болатын. Министр сөзінше, паранжа мен ниқабқа қатысты мәселе заңдық негізде қаралуы мүмкін.