Утильалым қалады, министрлік басқа ұсыныс жасады
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утильалымға қарсы петицияны қарастырғаннан кейін, ондағы талаптарды қабылдамайтынын айтты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«Петицияда көрсетілген дәлелдер шындыққа сәйкес келмейтінін ескере отырып, сондай-ақ шешім жобасын жария талқылау барысында қосымша негіздемелер ұсынылмағандықтан, петицияны қанағаттандырмауды ұсынамыз», – дейді Интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев.
Сонымен қатар өнеркәсіп министрлігі үшінші елдерден заңсыз көлік әкелуді болдырмауға көмектесетін бірқатар шараларды дайындады:
- Жыл сайын ӨКМ операторының қызметі туралы есептерді Smart Data Ukimet платформасында жариялау.
- Ескі көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын утилизациялау бойынша жаңа бағдарламаны іске қосу, ақшалай өтемақы беру.
- ЕАЭО аумағына 7 жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салуды енгізу.
- Жеке тұлғаның бір жыл ішінде жеке пайдалануы үшін бір көліктен артық әкелуіне тыйым салу.
- Үшінші елдерден әкелінетін көлік құралдарының сәйкестігін басқа ЕАЭО мүше мемлекеттерінде растауға жол бермеу.
- СБКТС сертификаттарын беру кезінде аккредиттелген сынақ зертханаларының қызметін қатаң бақылау.
- Тіркеуге тыйым салу немесе тіркеуді жою және көлік құралын тәркілеу сияқты жедел әрекет ету шараларын қолдану.
Бұл шаралар Қазақстан экономикасы мен экологиясын қорғауға көмектесетін әділ бәсекелестік ортаны құруға және көліктердің заңсыз әкелінуін болдырмауға бағытталған деп санайды Өнеркәсіп министрлігі.
Айта кетейік, бүгін, 15 шілдеде, Алматыда утильалымға қарсы петицияны қарауға арналған қоғамдық тыңдау өтті. Бұған дейін жұмыс тобы екі отырыс, оның ішінде Қостанайда бір көшпелі отырыс өткізді және Hyundai Trans Almaty, «АгромашХолдинг KZ», Allur зауыттарын аралады. Сондай-ақ, Daewoo Bus Kazakhstan және «СемАЗ» зауыттарына Семейде, Көкшетаудағы «Камаз-Инжиниринг» зауытына турлар ұйымдастырды.
«Утильалымға қарсы негізгі талаптарының қатарында автокөлік өндірушілердің КТС төлемейді деген айыптар да болды. Алайда соңғы бес жылда автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындары бюджетке КТС-ті қоса алғанда, 116 миллиард теңге салық төледі. Қазақстандық автокөлік өндірушілеріне халықаралық стандарттарға сәйкес локализация бойынша нақты талаптар қойылған, ал өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер бойынша міндеттемелердің орындалуы және автокөлік өндірушілерінің салықтық және кедендік заңнаманы сақтауы ҚР Өнеркәсіп және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті және басқа да уәкілетті органдар тарапынан тұрақты түрде бақыланады», – дейді Бектібаев.
Ол «Жасыл даму» утильалым операторы өз қызметі туралы есептерді, соның ішінде аудиттелген қаржылық есептілікті жариялайтынын, сондықтан компания жұмысы ашық және айқын екенін атап өтті. Бұған дейін «Курсив» «Жасыл Даму» 2022 жылдан бастап утильсбор есебінен түскен 700 миллиард теңгені қайда жұмсайтынын жазған.
«Тек 2023 жылы Қазақстанда 150 мыңға жуық көлік өндірілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 30% өсу. Автокөлік өнеркәсібінің дамуына келетін болсақ, 2025 жылы Kia зауытының құрылысы аяқталады. Volkswagen Group Skoda брендімен 2024 жылдың басында өндірісті ұйымдастырады. 2025 жылдың I тоқсанында Chery, Haval, Changan қытайлық автокөліктерін өндіретін көп брендті зауыт іске қосылады. 2025 жылдың соңына дейін компоненттерді өндіру бойынша 10 жобаны іске асыру жоспарлануда, нәтижесінде өндірілген өнімнің өзіндік құны төмендейді. Жаңа жобалар бойынша жалпы инвестиция сомасы 760 миллиард теңгеден асады, оның ішінде 403 миллиард теңге – автокомпоненттерге», – деп жауап берді Бектібаев отандық автокөлік өнеркәсібіне қатысты сынға.
Қазақстан ЕАЭО мүшелеріне үшінші елдерден тізгінделгеніне жеті жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салуды ұсынбақ. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев утильалымына қатысты петицияны қоғамдық талқылау барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, утильалымы елге ескі көліктерді әкелуге кедергі келтіретін фактор болғандықтан, тарифті төмендету мүмкін емес.