Жазғы мезгілде бала еңбегін пайдалану «Еңбек кодексінің» аясында ғана рұқсат етіледі – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жазғы уақытта балалар еңбегін пайдалануға қатысты үндеу жариялады. Комитет жасы 14-ке толмаған балалардың еңбегін пайдалану заңға қайшы екенін ескертеді.
Комитет мәліметінше, көп жағдайда балалар ерте жастан бастап, әсіресе, қиын өмірлік жағдайларда жұмыс істей бастайды. Олардың 90%-ы өз құқықтарын білмейді және табыс табу үшін кез-келген жұмысқа келісуі мүмкін. Мұндайда балалар көбінесе жосықсыз жұмыс берушілердің қанауына тап болып, құқықтары шектеледі. Осыған орай комитет жұмыс беруші мен бала арасында еңбек шартын жасауға мүмкіндік беретін ережелердің Еңбек кодексінде қарастырылғанын ескертеді.
Еңбек кодексіне сәйкес, 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге аптасына 24 сағат жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ал 16 мен 18 жас аралығындағы балалардың жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы керек. Комитет заңда бала еңбегін түнгі уақыттағы жұмыстарға пайдалануға тыйым салынғанын ескертеді.
«Еңбек заңнамасында түнгі уақыттағы жұмысқа (сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін) үстеме жұмысқа, жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі жұмысқа, вахталық әдіспен жұмысқа, қоса атқаратын жұмысқа тыйым салынады», – деп көрсетілген комитет хабарламасында.
Еске сала кетейік, баланың еңбекке ерте араласуына қатысты «Курсив» жазған болатын.
Осы орайда қызықты статистикаға тоқтала кетсек. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, 2023 жылы 0-17 жас аралығындағы балалардың үлесі халықтың жалпы санының 34,1 пайызын құраған. Солайша олардың саны 6 738 016 адамға жеткен. Сарапшылардың пікірінше, 2005 жылдан бастап Қазақстанда туу деңгейі көтеріліп келеді. Бұл жағдай халықтың жас құрылымындағы балалар үлесінің артуына ықпал еткен.