Apple акциялары Morgan Stanley ұсынысынан кейін қымбаттап, рекордтық деңгейге жетті

Жарияланды

Apple жасаған жасанды интеллект iPhone сатылымын өсіретін «айқын катализатор» болады деп есептейді Morgan Stanley / Фото: Reuters / Francis Mascarenhas

Apple акцияларының бағасы 15 шілдедегі сауда барысында рекорд орнатты. Morgan Stanley компания қағаздарын «ең жақсы таңдау» деп бағалап, жасанды интеллект саласына салып жатқан күш-жігері оның сатылымын ұлғайтуға түрткі болатынын айтты. Ал Loop Capital Уолл-стриттегі Apple қағаздарының ең жоғары мақсатты бағасын белгіледі.

Толығырақ

Сауда барысында Apple акциясының құны 237,23 долларға дейін өсті. Бұл – алдыңғы сауданың жабылуы кезіндегі бағадан 2,9%-ға жоғары әрі компанияның қағаздарын саудаға салған күннен бергі рекордтық көрсеткіш. Дүйсенбі, 15 шілде күнгі жабылардағы бағасы 234,41 долларға жетіп, акциялары 1,68%-ға қымбаттады.

2024 жылдың басымен салыстырғанда Apple қағаздары қазір 21%-ға қымбат.

Morgan Stanley ұсынады

Morgan Stanley сарапшылары дүйсенбі, 15 шілдеде Apple акцияларына «үздік таңдау» деген атау берді деп хабарлады Reuters. Банктің пікірінше, Apple Intelligence жасанды интеллектісі iPhone мен iPad планшеттері сатылымының «айқын катализаторы» болмақ. Apple алдағы екі жылда шамамен 500 млн iPhone сатады деп болжайды сарапшылар. Сәуір–маусым айларында Apple әлем бойынша 45,2 млн смартфон сатты, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көп, бірақ компанияның нарықтағы үлесі 16,6%-дан 15,8%-ға дейін төмендеді деді Reuters IDC деректеріне сілтеме жасай отырып.

Қазір жұрттың қолында жүрген Apple құрылғыларының тек 15%-ы ғана Apple Intelligence-ті көтереді, себебі бұл технология iPhone 15 Pro/Pro Max-тағы A17 Pro процессорын немесе ең үздік iPad пен Mac компьютерлеріндегі M сериясының процессорларын талап етеді деді Morgan Stanley сарапшысы Эрик Вудринг Bloomberg-ке. Сарапшының пікірінше, iPhone мен iPad пайдаланушыларының тек 8%-ы ғана Apple ЖИ-інің қызығын көре алады. Сондықтан жұрт рекордтық деңгейде iPhone-ын Apple Intelligence-ті көтеретін түріне жаңартуға көшуі мүмкін дейді ол.

Apple акцияларының мақсатты бағасын Morgan Stanley $216-дан $273-ке дейін көтерді. Бұл – 15 шілде күнгі жабылар кездегі бағадан 16,5%-ға жоғары көрсеткіш. Вудринг те акцияларға Overweight («нарықтан жоғары») рейтингісін берді. Вудрингтен де жоғары баға белгілеген сарапшы екеу ғана деді Bloomberg.

Басқалар не дейді?

Apple акцияларының ең үлкен мақсатты бағасын 15 шілдеде Loop Capital белгіледі: $170-тен $300-ге дейін көтерді деп жазады Bloomberg. Сондай-ақ, Loop Capital акциялардың рейтингісін Hold-тан (ұстап отыруға кеңес беру) Buy-ға (сатып алуға шақыру) ауыстырды. Халықты iPod шығару арқылы цифрлық контентпен, iPhone шығару арқылы әлеуметтік желілермен әрекеттестіргеніндей, Apple компаниясында бұл жолы да халықты ЖИ технологиясымен оңай әрекеттестіріп, тұтынушылар үшін генеративтік жасанды интеллектінің «базалық лагеріне» айналу мүмкіндігі бар деп жазды сарапшы Ананда Баруах.

Сарапшылардың дені Apple акцияларын сатып алуға шақырады: 12 Hold пен 3 сатуға шақыруға (Underweight пен Sell) қарсы 32 Buy мен Overweight рейтингісі бар деп көрсетеді FactSet.

Контекст

Apple өз жасанды интеллектісінің қабілеттерін маусым айында әзірлеушілерге арналған конференцияда көрсетті. Осы өнімін халыққа таныстырғаннан кейін Apple акциялары биыл алғаш рет рекорд жаңартты. Сол күннен бері қағаздар 17%-ға қымбаттап, 7% қосқан Nasdaq 100 «технологиялық» индексінен асып кетті. Осылайша, акцияларының жарысы қайтадан Apple-ді әлемдегі ең қымбат компаниялар тізімінің ұшар басына жайғастырды. Компанияның капиталдануы 15 шілдеде 3,62 трлн долларға жетті деп хабарлады Reuters. Сауда жабыларда 3,59 трлн доллар болған.

Сондай-ақ оқыңыз