Педофилия бойынша азғындық жасағандардың басым көпшілігі – баланың әкесі

Human Rights Lawyers деп аталатын қоғамдық қорымыз 2017 жылы құрылды. Қор әйелдер мен балалардың, ерлердің құқығын қорғау бағытында жұмыс істейді. Қазір сонымен қатар Алматыда One stop service – бір қадам – зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталығымыз ашылды. Қазір осы орталық 45 іс жүргізіп жатыр. Оның 80%-ы педофилия, 20%-ы тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша кейс. Педофилия бойынша жәбір көргендердің бәрі – қыз бала, бәрі бүлдіршін. Оның ішінде ең сорақысы, азғындық жасап, зорлағандар – туған әкелері, өгей әкелері. Тек бірді-екілі жағдайда зорлықшы бөтен адам болып шығады. 

Қазіргі таңда Алматы облыстық сотында екі қызды үш адвокат қорғап жатырмыз. Әкесі бір қызын 10 жасынан 21 жасына дейін, тағы бір қызын 16 жасынан 20 жасына дейін зорлап келген. Бір отбасыда бір әке екі қызын зорлаған. Бұл – өте ауыр іс. 

Тағы бір істі сотқа жібердік. Бұл отбасыда бес ұл, бір қыз бар. Қыз – ортаншы перзент. Сол қызына әкесі «Барлық әке мен қыздың арасында осындай құпия болады, анаңа айтпа» деп, қызына неше түрлі азғындық жасаған. Зорлықтың неше түрі бар, бұл тек жыныстық зорлау болмауы мүмкін. Ал бұл жағдайда әкесі порнографиялық видеоларды көріп, оны қызына көрсетіп, сосын сондағы дүниелерді қызына жасайтын болған. Осылай қызын жеті жасынан 11 жасына дейін қорлаған. Қазір тергеу амалдары аяқталды. Бұл еркек жоғары лауазымды әскери қызметкер екен. 

Бұл кішкентай қыз бір күні ата-анасының жатын бөлмесінде кітабын ұмытып кетіп, бөлмеге кіреді. Сонда қыз әкесі оның өзіне жасаған дүниені анасына да жасап жатқанын көреді.  Анасы мен әкесі жыныстық қатынасқа түсіп жатқанда кіріп қалады. Сосын қыз бәрін бірден анасына айтып береді, тіпті әкесі мұны тек оған емес, жеті жасар көрші қызға да жасайтынын айтады. Балаға мұндайды айту қиын. Анасына айтқанда, бірден «Неге айтпадың?» деп айқайлап беруі мүмкін. Бұл дұрыс реакция емес. Ата-аналар баласымен ашық сөйлесе алмайды. Балаға кішкентайынан «Мынау – сенің денең, жыныстық мүшеңді, іш киіміңді ұстауға ешкімнің құқығы жоқ» деп, өзін қалай қорғау керек екенін үйрету қажет. Оған тек ата-ана емес, мектептер де жауапты. Бастауыш сыныптан бастап жыныстық сауат ашу сабақтары өткізілуі керек. Мұның ұят түгі де жоқ. 

Стастистикаға келер болсақ, 360 миллион халқы бар АҚШ-та жылына 1200 әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша шағымданады екен. Ал бізде былтырғы статистика бойынша, бір жылда 130 мыңға жуық арыз түсіпті. Бізде халық саны – 20 миллион, АҚШ-та 360 миллион, бұл қалай болғаны? Демек, біздегі құқық қорғау органдары дұрыс жұмыс істей алмай жатыр. Көпке топырақ шашпаймын, тек өз көзіммен көрген дүниені айтып отырмын. Мысалы, біздің орталыққа бір қыз хабарласты. Оны 12 жасында 18 жастағы жігіт киноға апарамын деп алдап, зорлап кеткен. Ол жігіт кейін әскерге кеткен. Қыздың айтуынша, жігіт оны зорлап, таксиге салып жіберген соң, барлық жерде оны бұғаттап тастаған. Мен оған «Бір жыл өтіп кетті, енді қолыңнан келсе, анаңа, әжеңе айт» дедім. Ол анасы қазір шетелде екенін, ал әжесі түсінбейтінін, ұрысатынын айтты. Біраз уақыт өткен ол қыз орталыққа қайта хабарласып, жігітті тауып алғанын қуана хабарлады. Инстаграм арқылы бір қыздың парақшасынан сол жігітті көріп қалған екен. Сөйтсек, жігіт әскерден оралып, 23-24 жастағы бір қызбен жүре бастапты. Сонда бізге хабарласқан жасөспірім қыз жаңағы қызға «Сіздің жігітіңіз мені 12 жасымда зорлап кетті. Сіз де абай болыңыз» деп жазып жібереді. Қыз мұны біліп, жігітін тастап кетеді. Оны біліп қойған соң, жігіт 13 жасар қызға хабарласады. Сонда қыз жігітке «Сен өмірімді талқандадың, енді қалай тұрмысқа шығамын, қыздық пердемді қалпына келтіріп бер» дейді. Сонда жігіт «Е, оны біздің Түркістанда 30 мың теңгеге қайта тігіп береді. Мен әскерден келген соң қызбен бір жатуым керек, ағза соны талап етіп тұр» деп қызды кездесуге шақырады. Ал қыз мұның бәрін скриндап алып, тағы бізге хабарласып, мұның бәрі сотта көмектесе ме деп сұрады. Біз бәрін дәлел ретінде сотқа бердік. Үш ай өткен соң тергеу тоқтатылғаны туралы хабар алдық. Сөйтсек, тергеуші қыздың телефонынан жаңағы жігітпен хабар алмасқанын, хаттарды, аудиохабарламарды – бәрін өшіріп тастапты. Адвокаттың айтқандарын да елемейді. Тергеушілерге таң қаламын, мәселеге тек біржақты қарайды. Қыздығы орнында болса, бітті, зорланбады деп жаба салады. Дәлелді бірден жойып жібереді. Бұл іс те солай әлі бір орында тұр. Екі айдан бері сараптамаға жіберілмейді. Мәселе тек текргеушіде емес, басшылықта да сияқты. Бұл істе сыбайластық, жемқорлық бар деп есептеймін.

Жалпы түрлі кейс бар. Мысалы 3-4 баласы бар 37 жастағы еркектің оқиғасы бар. Көрші қыздың үйіндегі қыздарымен ойнауға шақырып алады екен. Бәрін ойнатып жатып, әлгі еркек көрші қызға диванның артына тығыл деп, сол жерге барып оған азғындық жасайды екен.  Арыз беруге барсақ, сол жерде отырған күзетшінің өзі баланың өзі келсін, тергеуге қатысуы керек деді. Баланы тергеуге ешкімнің құқығы жоқ. Ол бала анасына әрең айтып тұрғанда, бөтен адамға мұндай жағдай туралы қалай айтады?

Тағы бір жағдай болды. Бір қызды жігіті қарым-қатынас басталғаннан біраз уақыт өткен соң ұра бастайды, зорлайды, қылқындырады. Бір күні құрбысы осындай оқиғаның үстінен түсіп, қызды полицияға арыз жазуға көндіреді. Сонда полициядағылар абьюзермен сөйлесіп болған соң, қызды кабинетке шақырып алып, арызды кері алуға көндірмек болады. «Жүріп жүрген жігітің ғой. Қазір арызыңды кері алмасаң, мына жігіт төрт жылға сотталады. Обал ғой» дейді. Содан полицейлердің қысымынан соң, қыз арызын кері алып, ол үшін 100 мыңнан аса айыппұл төлеуі керек болған. Қызығы, бұл жердегі зорлықшы да – лейтенант.

Қызылордалық экс-майор әйелін жүйелі түрде ұрып жүріп, ақыры мүгедек қылды. Ол істі құзырлы органдар 5-6 рет жауып тастады. Құқық қорғау органдарында осындай абьюзерлер өте көп. Олар қылмыс деңгейін азайтудың орнына, қылмыс санының артуына үлес қосып жатқан сияқты көрінеді.

Осы мақсатта жақында облыстарды аралап, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен жұмыс істеу бойынша тергеушілерген арналған курстар сериясын қолға алмақпыз. Жақында жүзеге асырсақ деп отырған жобамыз – осы.