1-ші сыныпқа баратын балаларға мектепалды даярлық бағдарламасы әзірленді: балалар онда бір ай оқиды

Жарияланды
первоклассники
Бірінші сыныпқа баратын балалар 1 ай даярлықтан өтеді / Фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Артур Алескеров

Оқу-ағарту министрлігі бірінші сыныпқа баратын балалар үшін мектепалды даярлық бағдарламасы әзірленгенін хабарлайды. Оған сәйкес, балалар мектеп табалдырығын аттамас бұрын дайындықтан өтеді.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шара бірінші сынып алдында балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру үшін ұйымдастырылған.

Бағдарлама мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етпек. Сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының барлық бағыты бойынша мектепке алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.

«Бағдарламаны табысты іске асыру мақсатында мектептерде балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бағдарлама бойынша оқыту 1 айға арналған. Сабақтар күн сайын 30 минуттан 10 минуттық үзілістермен өткізіледі. Балаларға білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды сынып мұғалімдері сабақ береді», – дейді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Бағдарламаға мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленген. Сол себепті қысқамерзімді дайындық процесі балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, педагогтердің болашақ оқушыларымен жақынырақ танысуына мүмкіндік бермек.

Құжат қабылдау мерзімі

Айта кетейік, 2024-2025 жылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бала барады деп күтілуде. Бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталған, қабылдау 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.

Ал маусымда Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін бекітті. 

Оған сәйкес, алдағы оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйектен – 2025 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады.

Бірінші тоқсанда оқу 8 аптаға созылады. Бірінші тоқсанның күзгі демалысына 7 күн беріледі. Оқушылар 2024 жылғы 28 қазаннан бастап 3 қараша аралығында демалады.

Екінші тоқсанда да оқушылар 8 апта оқиды. Қысқы демалыс 2024 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 8 қаңтарға дейін 10 күнге созылады.

Үшінші тоқсанда оқушылар он апта оқып, 11 күн демалады. Демалыс 2025 жылғы 21-31 наурыз күндеріне беріледі. Айта кетейік, үшінші тоқсанда 1-сынып оқушыларына қосымша демалыс қарастырылған. Олар 2025 жылғы 3-9 ақпан аралығында демалады.

Төртінші тоқсанда 8 оқу аптасы бар. Бұл тоқсан 25 мамырда аяқталады.

Ал мемлекеттік аттестациялау мерзімі келесідей:

  • 9 (10)-сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2025 жылғы 29 мамырдан бастап 9 маусым аралығында;
  • 11 (12)-сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2025 жылғы 30 мамырдан бастап 12 маусым аралығында өтеді.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. 

Сондай-ақ оқыңыз