«Көрші елдермен салыстырғанда көп қаражат кеткен жоқ»: АШМ шегірткемен күреске бөлінген сомадан 1,5 млрд теңге үнемделгенін хабарлады

Жарияланды
Шегірткемен күреске 6,5 млрд теңге жұмсалған /Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан шегірткемен күреске бөлінген қаражаттан 1,5 млрд теңге үнемдеген. Бұл жайлы Орталық коммуникациялыр қызметінде өткен брифингте Ауыл шарушылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов айтты.

Брифинг барысында журналист шегірткемен күреске Үкіметтің қомақты қаражат бөлгенін айтты.

«Шегірткемен күреске 8 млрд теңге жұмсалатыны айтылды. 79 млн шегірткемен күреске осыншама қаражат бөлініп отыр. Орта есеппен алғанда әр зиянкестің басына 100 теңгеден бөлініп отыр. Бұл тым көп емес пе?», – деп сұрады журналист.

Комитет басшысы бөлінген қаражаттың соншалықты көп емес екенін, бұл ақшаның зиянкестермен күресуге жұмсалғанын айтты. Әбдікәрімовтың айтуынша, Қазақстанда көрші елдермен салыстырғанда, бұл шараға азырақ қаражат бөлінген.

«Иә, 8 млрд теңге көп ақша сияқты болып естіледі. Қазақстан бойынша алатын болсақ, бұл айтарлықтай үлкен сома емес. Десе де, бұл ақшаны үнемдеп жұмсадық. Нақтырақ айтқанда, бұл соманың 6,5 млрд теңгесі жұмсалды. Үнемделген ақша Үкіметтің резервінде тұр. Көрші ел Қытайдың өзінде 3 млн гектар жерге таралған шегірткемен күреске 15 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған екен. Ал бізде 2,5 млн гектар жерге 8 млрд теңге бөлінді», – деді министрлік өкілі.

Ол ресейлік әріптестерінің де Қазақстанмен салыстырғанда зиянкестермен күресте көбірек қаражат жұмсағанын тілге тиек етті.

Министрлік мәліметінше, республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы 15,1 млн га алқапта немесе жоспарланған алаңның 88,4%-ында зерттеу жұмыстарын толық аяқтаған. Осының нәтижесінде өңдеу жұмыстары 2,4 млн га алаңда немесе болжанған көлемнің 98,3%-ында жүргізілген. Атап айтқанда, ШҚО-да, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында жұмыс толық орындалған. Жамбыл облысында мароккалық шегірткеге қарсы, Алматы облысында азиялық шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген.

«Қазіргі таңда Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарында итальяндық прусқа қарсы, Абай және Жамбыл облыстарында азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеулер жалғасуда», – брифингке қатысқан Ауыл шарушылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Еске сала кетсек, 2024 жылы үйірлі шегірткемен күресу үшін республикалық резервтен 8,1 млрд теңге бөлінген. Көктемде елдің 2,5 млн га алқабында табын шегірткелері таралады деп болжанған.

Байқасақ, Үкімет шегірткемен күреске қаражатты жылдан-жылға көптеп бөліп жатыр. Мәселен, 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 млрд теңге жұмсалған. Ол жылы Ақтөбе мен Қостанай облыстарының егістіктерін шегіртке басты. Қостанай облысында зиянкестердің күрт көбеюінен 4,6 млн гектарды құрайтын егіс алқабының 500 гектары зардап шеккен.

Сол кезде АШМ басшысы болған Ербол Қарашөкеев зиянкестердің күрт көбеюіне «күннің белсенділігі» әсер еткенін айтқан еді. Ол сонымен бірге 2024 жылы да шегірткенің көп болатынын болжады.

«Әрбір 11 жыл сайын шегірткелердің таралуының осындай шарықтау шегі болады. Биыл осындай кезең. Келесі жылы да шегіртке көп болады. Мұндай кезеңде шегірткенің таралуы он, жиырма есеге көп болады. Бір шегіртке, шамамен 100 немесе 1000 жұмыртқа сала алады», – деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз