Қазақстанда тағы бір төрт жолақты күре жол төселеді – Көлік министрлігі
Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Хромтау-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолы төрт жолақты болады. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарламасында жолды жаңғырту жұмыстары басталып кеткені айтылған. Жаңғыртудан кейін бұл бағыттағы автожол I техникалық санаттағы төрт жолақты жолға айналады. Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен барып, жұмыс барысымен танысқан министр Марат Қарабаев жөндеу жұмыстарын тез аяқтау үшін жағдай жасалып жатқанын айтқан.
«Нысан басында 120 маман мен 100 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмыстары қарқынын арттыру мақсатымен тағы да қосымша мамандар мен арнайы техника жұмылдыру көзделді. Биыл мердігер ұйымдар барлық жер жұмыстарын аяқтап, сондай-ақ еріген қар суын өткізуге мүмкіндік беретін су өткізгіш құбырларды салады», – деп мәлімдеген ведомство басшысы.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары Ақтөбе өңірінің Хромтау ауданында жүріп жатыр. Жаңа төрт жолақты жол Хромтау қаласының қасынан басталып, Ақжар ауылы мен Жазық бекеті арқылы өтпек. Бұл учаскеде 2 көпір мен 2 жол айрығы салынады.
Еске сала кетсек, 15 шілде күні Көлік министрлігі 2018 жылы басталған Қарағанды-Балқаш тас жолының алғашқы төрт жолағы ашылғанын хабарлады. Қарағанды-Балқаш күре жолының алғашқы төрт жолағы ашылды. Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі аралықта жаңа асфальт төселіп, төрт жолақты жол толығымен ашылған.
Қарағанды-Балқаш күре жолының жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Күре жол I санатқа ие және төрт жолақтан тұрады. Қайта құру жұмыстары аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтетін 32 жол өткелі, көлік айрығы және темір жол өткелінің құрылысы толық аяқталған.
Жалпы елдегі ірі автомагистральдарының құрылысы 2020 жылы аяқталуы керек болған. Алайда жұмыстар 4-5 жылға созылып кеткен. Осы мәселені сынға алған Мәжіліс депутат Ерлан Саиров жол құрылысына қаражат Қытай елінен кердитке алынғанын, Балқаш-Алматы, Майқапшағай-Қалбатау бағыты бойынша жұмыстардың созылып кеткенін айтқан болатын.
Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алады. Қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінеді. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр.