Altyn Samruk Qazaqstan компаниясының еншілес ұйымы алтын-күміс қорытпасын шығаратын фабриканы іске қосады
Altyn Samruk Qazaqstan компаниясы Абай облысындағы «Родниковое» кен орнында гидрометаллургиялық зауытын іске қосуды бастады. Құрылыс биыл 15 қыркүйекке дейін толық аяқталы тиіс. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жолданған хабарламасында жазылған.
Гидрометаллургиялық зауытттағы монтаждау және іске қосу жұмысымен «Промдрагаудит» компаниясы айналысады. Бұл компания зауыт аумағына құны 196 және 163 млн теңгені құрайтын құрал-жабдық әкеліп орнатады.
Осы ретте Өнеркәсіп жаны құрылыс министірлігі Altyn Samruk Qazaqstan-ның еншілес компаниясы – Eastern Gold ЖШС алтын-күміс қорытпасын шығаратын фабрика құрылысын аяқтап қалғанын хабарлады. Фабрика 2024 жылдың төртінші тоқсанында өнеркәсіптік пайдалануға берілмек. Жобаға 1 млрд теңге инвестиция салынды.
Eastern Gold ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба Абай облысының Индустрияландыру картасына енген. Фабрика жылына 200 мың тонна кен өңдеп, 200 кг-ға дейін өнім өндіреді.
Кен «Родниковое» және «Белая Горка» кен орындарынан алынып, кәсіпорын кен өндіруден бастап Доре қорытпасын өндіруге дейінгі жаңа толық циклде жұмыс істейді. Кен қоры кем дегенде 8-10 жылға жеткілікті.
2024 жылдың 24-25 мамыр күндері Көкпекті мен Жарма ауданында қоғамды тыңдау өткен. Бұл ашық жиналыста Eastern gold «Родниковое» кен орнында құрамында алтыны бар кен өндіру жөніндегі тау-кен жұмыстарының жоспарын ұсынған.
Жоспарға сәйкес, карьер контурында бекітілген тотыққан алтын кені қоры игеріледі. Родниковое учаскесінен С2 санаты бойынша 1 154,7 мың тонна; Белая Горка аумағынан 749, 6 мың тонна кен игерілмек. Тотыққан алтын кенінің жылдық өндірістік қуаты 250,0 мың тоннаны құрайды. Кеннен алтын алуға цианид қолданылады. Сонымен қатар компания цианидтің қытайлық баламасын қолдануды жоспарлап отырғанын жеткізді.
8 адам қатысқан қоғамдық тыңдау нәтижесінде Eastern Gold компаниясының өндірісті бастауына келісім берілген. Компания кен орнынан 9 жыл бойы кен өндіреді. Компания директоры кен өндіру жұмысы аяқталған соң, қалпына келтіру жұмысы жүргізілетінін айтқан.
Одан бөлек, компания Абай облыстық ТЖ өндірістік қауіпсіздік комитетінен тұжырымдама алған. Өндіру жұмыстарының салдарын жою жоспары да келісілген.
Egov.kz мәліметінше, Eastern Gold компаниясы 2018 жылдың қарашасында құрылған. Оның құрылтайшылары Раиса Байбактиева, Гүлмира Сәрсембаева және QazIndustrial Trade Company болды. Ал QazIndustrial Trade Company жалғыз иесі Болат Назарбаев еді.
Altyn Samruk Qazaqstan компаниясы 2023 жылдың 12 қаңтарында ашылған. Сол жылы 25 мамырда Eastern Gold компаниясының 100 пайыз меншікті капиталын сатып алған. Мәміле жасалған уақытта Назарбаев пен Сәрсембаева құрылтайшылар қатарынан шығып кеткен.
Eastern Gold компаниясына қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия 2019 жылы берілген. Осы лицензия негізінде компания ШҚО-дағы «Родниковое» кен орындағы «Белая Горка» кен аумағында пайдалы қазба өндіреді.
Altyn Samruk Qazaqstan компаниясының қаржы есебіне сәйкес, оның жалғыз акционері – Раиса Байбактиева. Ол компанияның 100 пайыз акциясына иелік етеді. Бас директоры – Пазылхаирова Гульбану.