Астанада Euronews телеарнасының өңірлік өкілдігі ашылады
Астанада Euronews-тің өңірлік өкілдігі ашылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, Аида Балаева Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидпен кездескен.
Кездесу барысында екі тарап Қазақстанның Euronews-пен ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойды.
«Euronews өңірлік өкілдігінің ашылуы – арнаның халықаралық аудиторияға Қазақстанның экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамуын жан-жақты насихаттауына үлкен мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид қазақстандық БАҚ арасында жаңа тұлғаларды, талантты жастарды іздейтінін айтып өтті.
«Талқылау әрі меморандумға қол қою қысқа уақытта жасалды, бұл екі тараптың да жемісті ынтымақтастыққа мүдделі екендігін және оның маңызын айқындайды. Біз үшін қазақстандық журналистерді жан-жақты қолдау маңызды. Біз ортақ жұмыс үшін еуропалық журналистерді Қазақстанға әкеліп қана қоймай, сонымен қатар жергіліктк БАҚ арасында талантты жастарға үміт артатын боламыз», – деді Педро Варгас Давид.
Мәдениет және ақпарат министрі Қазақстанда кәсіби әрі мықты редакция құру үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін сөз етті. Бұдан әрі тараптар медианы дамытуға және халықаралық ақпарат алмасуды нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асырып, өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.