Табысы 100 млн теңгеге жуық: әлеуметтік желіде заңсыз лотерея ұйымдастырған әйелдің 1 жылға бас бостандығы шектелді

Жарияланды
Заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы 96 млн теңге табыс тапқан / Фото: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржы мониторингі агенттігі Шымкентте Instagram әлеуметтік желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастыру фактісі анықталғанын хабарлады. Әйел бұл заңсыз пайда көзінен 96 млн теңге табыс көрген.

Агенттіктің хабарлауынша, қала тұрғыны «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясыз, заңсыз пайда табу мақсатында 2 аккаунттан тікелей эфирде «ЛОТО» ойнатқан.

Лотерея ұтысына «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника тігілген. Лоторея билеттерін жарнама арқылы және билет бағасына жеңілдік жасай отырып өткізген. Сатылған билеттерден түскен қаражатты өзінің карта-шотына және туыстарының шоттарына жинаған. Агенттік тұрғынның заңсыз әрекетінің алдын алып, бұл мақсатта пайдаланылған заттарды тәркілеген.

«2023 жылғы 10 қыркүйектен 29 қарашаға дейін сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы 96 млн теңгеден асты. Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды», – деп хабарлайды агенттік.

Сот үкімі бойынша алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне тәркіленген.

Еске сала кетсек, жыл басында, Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпіздік комитетімен бірігіп, заңсыз істеген 326 лото клуб қызметіне тосқауыл қойды.

13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойған. Ауқымды арнайы операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.

Айта кетейік, елімізде «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң қабылданған. Оған сәйкес 2028 жылға қарай лотоклубтардың cаны 200-ге дейін қысқарту көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз