Бидай: өнім мол болғанымен, баға төмен

Жарияланды
Бидай нарығы қалай өзгеріп жатыр? / Фото: shutterstock

Қазақстан 2022 жылы сыртқа нарыққа 6,3 млн тонна бидайды 1,91 млрд долларға сатса, 2023 жылы 7,2 млн тонна бидайды 1,84 млрд долларға сатқан. Экспорттағы  бидайдың тоннасы 14,28%-ға өскенімен, номиналды жалпы құн көлемі 3,8%-ға төмендеген.

БҰҰ жанындағы «Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы» (FAO)  жүргізетін ай сайынғы әлемдік негізгі азық-түлік индексіне қарасақ, дәнді дақылдардың бағасы күрт төмендеген. Бидайдың басты экспорттаушылары – Ресей мен Украина елдерінің соғысқа дейінгі әлемдік дәнді дақылдардың ФАО индексі 170,1 пайыз болған. Алайда, 2022 жылдың ақпан айынан 2024 маусым айы аралығында ФАО индексі теріс төмендеу динамикасына түскен. Биылғы жылдың маусым айындағы дәнді дақыл индексі 115,2 пайыз, бұл әлемдік бидай бағасының төмендеуін көрсетеді.

Ішкі нарық: шаруалар төмен бағаға наразы

ЕТС тауарлық биржадағы соңғы болған (26.06.2024ж) сауда-саттық бағасына қарасақ, Қазақстанның ішкі нарығында V сыныпты бидайдың тоннасына 90 мың теңге (ҚҚС-пен) деңгейі ұзақ уақыт бойы сақталып келеді. Ал III сыныпты «Hi-pro» бидайы тоннасына 110 мың теңгеге сатылды. Алайда бұл тұрақтылық ешкімге ұнамайды. Шаруалар үшін бұл көрсеткіш тым төмен. 2022 жылы  баға бір тонна 185 мың болған, яғни 75 мыңға жоғары.

Қазақстандағы ресми статистикаға келетін болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде өсімдік шаруашылық өнім бағалары соңғы 11 айда теріс динамикадан шыға алмай келеді. Бұл отандық шаруалар үшін қолайсыз жағдай.

Экспорттаудағы қиындықтар. Қытай басты сатып алушы бола ала ма?

Қазақстан 2023 жылы өзі бидай сататын Иран, Қырғызстан нарығын жоғалтып алды деуге болады. Қырғызстан соңғы 5 жыл ішінде біртіндеп қазақ бидайынан бас тартса, Иран нарығы 2023 жылы Қазақстан бидайынан бас тартып, Ресейдің арзан бидайын импорттаушы елге айналды. Қазіргі таңда қазақ бидайын басты импорттаушы – Өзбекстан мен Ауғанстан. Ресей бидайының рекордтық өнімділігі оны әлемдегі басты экспортер ел болып қана қоймай, көршілес жақын елдерге төменгі бағамен сатып жатқаны Қазақстан үшін бидай экспортындағы импорттаушы жақын елдердің нарығын жоғалтуының басты себебінің бірі.

2023 жылы ресми статистиканы қарасақ, Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін теміржол арқылы жеткізу көлемі 2 млн 226 мың тоннаны құрады (2022 жылғы 615 мың тоннамен салыстырғанда). Бұл барлық астық жүктері – бидай, арпа, соя, зығыр, күнбағыс тұқымдары. Алдыңғы ең жоғары көрсеткіш 2019 жылы тіркелген – 1,2 миллион тонна.

Қытай-алып нарық. Мәселен, 2023 жылы күншығыс елі 12 миллион тонна дәнді дақылдарды импорттаған. Осы үлкен импортта Қазақстанның үлесі небәрі 3,3% ғана болып отыр.

Мамандар «Достық-Алашанькоу» және «Алтынкөл-Қорғас» теміржол торабындағы екі бақылау-өткізу бекетінің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері 2024 жылы жеткізілім көлемін арттырып, жаңа рекордқа жетуге мүмкіндік беретінін айтады. Ұзақмерзімді перспективалар бұдан да жақсы. Өйткені қазіргі уақытта Достыққа екінші магистральдық желі салынуда, бұл жеткізу көлемін айтарлықтай арттырады. Ол алдағы екі-үш жылдың ішінде енгізіледі деп жоспарлануда. Бірақ әзірге пойыздар санын көбейту, жөнелту схемасын оңтайландыру арқылы да Қытайға экспортты арттыруға мүмкіндік бар.  Жалпы мамандар қазіргі инфрақұрылыммен Қытай екі түйіспе арқылы Қазақстаннан 5 миллион тоннаға дейін ауылшаруашылық өнімдерін қабылдай алады деп отыр. Егер осы жоспар биыл іске асса, Қытай Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін басты импорттаушы елдерінің біріне айналады.

Әлемдегі басты экспорттаушылар

2023 жылы барлық елден экспортталған бидайдың дүниежүзілік сатылымы 59,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл 2022 жылы әлемдік жалпы экспортталған бидай құны 68,3 млрд доллар болғанын ескерсек, 2023 жылы жалпы номиналды экспорт  көлемі  13,3%-ға төмендеген. 2023 жылы әлемдегі 5 ірі бидай экспорттаушы елдер (Ресей, Австралия, Канада, Америка Құрама Штаттары және Франция) халықаралық бидай жөнелтілімдердің жалпы құнының 3/5 астамын (63,8%) қамтамасыз етті.

Континенттік тұрғыдан алғанда, Еуропа елдері 2023 жылы әлемдік бидай экспортының жартысынан сәл астамын қамтамасыз етті, бұл жөнелтілімдер 30 миллиард долларды немесе әлемдік сатылымның 50,7%-ын құрады. Бидай жөнелтетін екі жетекші көршілес (АҚШ және Канада) орналасқан Солтүстік Америка экспорттаушылар халықаралық нарықтарда сатылған бидайдың тағы 25,4% үлесін алуда. Ал Қазақстан болса 1,85 млрд доллармен  бидай экспорттаушы елдер қатарында 10-шы орында қалыптасты.

Бидай импорты

Бидай ыстық климатта жақсы өспейді, сондықтан Мысыр және Индонезия сияқты елдер бидай, ұн және басқа да бидай өнімдерін импорттаушылар қатарында. 2022-2023 жылдары екі ел де 11 миллион  тонна бидай импорттады. ЕО негізгі экспорттаушы елдердің қатарында болса да, олар шамамен тоғыз миллион тонна импорттау арқылы әлемдегі бесінші жетекші импорттаушы болып табылады. Дүние жүзінде 2023 жылы жалпы импорттаушылар  211 миллион тоннадан астам бидай импорттады.

Сондай-ақ оқыңыз