АҚШ президенті Джо Байден үшінші рет коронавирус жұқтырып алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

АҚШ президенті Джо Байден үшінші рет коронавирус жұқтырып алды. Ақ үй баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьердің айтуынша, ауру жеңіл өтіп жатыр.

АҚШ президенті коронавирус инфекциясына байланысты Лас-Вегаста жоспарланған конференцияға қатыспайды. Байден Делавэрдегі үйде карантинде болады. Сонымен қатар өз қызметін жалғастыра береді.

«Ол бірнеше рет вакцина салдырған, вирус жеңіл өтіп жатыр», – деп түсіндірді Жан-Пьер.

81 жастағы президенттің маусым айындағы пікірталасынан кейін, көптеген саясаткер мен демократ жақтастары ол қарсыласы Дональд Трампты жеңе алмайды деген пікір білдірген. Жеңген күннің өзінде тағы 4 жыл тиімді жұмыс істей алмайды деп сақтық танытып, оны сайлаудан бас тартуға шақырған.

Бір күн бұрын Байден «денсаулығына қауіп төнсе» президенттік сайлаудан бас тарту мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеген.

28 маусым АҚШ президенті Джо Байден мен оның қарсыласы Дональд Трамп арасындағы пікірталас өтті. Кандидаттардың теледебаты кезінде көтерген мәселелері АҚШ экономикасындағы жағдай, инфляция, жұмыс орындары мен салық саясаты болды. Сондай-ақ Украинадағы соғыс, кандидаттар тартылған қылмыстық істер және елдің бас президенттігіне үміткердің жасы туралы сөз қозғалды.

Джо Байденнің жақтастары президенттік пікірталаста оның жасы келесі мерзімге кедергі болады деген қорқынышты сейілтеді деп үміттенген еді. Бірақ дебатта оның дауысы қарлығып, сөзі республикашыл қарсыласы Дональд Трампқа қарағанда жинақы болған жоқ.

13 шілдеде Дональд Трампқа Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуде қастандық жасалды. АҚШ президенттігіне үміткер жараланып, бір адам қаза тапты. Осы шабуылдан кейін оның алдағы сайлаудағы жеңісіне деген сенім артты Бұған қоса, оқиғадан кейін сарапшылар сауда-саттық нарығының жандана түсетінін жазған.

Reuters сарапшылары сайлауалды митингісіндегі шабуылдан кейін Трамптың Ақ үйге оралу мүмкіндігі арта түскенін жазған. Басылымның жазуынша, оның президенттік перспективасының артуы доллар бағамының өсіп, АҚШ қазына кірісі мен Азиядағы сауда нарығының ауытқуына алып келген. АҚШ-тың он жылдық қазынашылық фьючерстері шамамен 13 пунктке төмендеді, ал доллардың еуро мен иенаға қатысты бағамы өскен.

Сарапшылар қазіргі президент Джо Байден жұмыссыздық төмендеуіне инфляцияның баяулауына жұмыс істейтінін атап өткен. Алайда АҚШ экономикасы үшін ең жақсы кандидат Трамп деп есептейді. Трамптың тұсында бірқатар мәселелерге қатысты жүйе әлсіреуі мүмкін екендігін жазады. Мәселен, сауда саясатын және климаттың өзгеруі мен криптовалюта сияқты мәселелерге қатысты қатаң шешімдер болмауы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз