Жамбыл облысында қатты жаңбыр салдарынан сел жүріп, 700 бас малды ағызып әкеткен
Жамбыл облысы Қордай ауданының Бетқайнар ауылдық округінде қатты жаңбыр салдарынан таулы аймақта сел жүрген. Алдын ала мәліметтер бойынша, «Береке» шаруа қожалығының 671 бас ұсақ малы мен 10 бас жылқысы сумен ағып кеткен.
Әкімдіктің хабарлауынша, жақын маңдағы елдімекендерге қауіп жоқ. Тұрғын үй мен қоражайларды су баспаған.
«Шаруалардың айтуынша, «Береке» ШҚ аумағынан 671 бас ұсақ мал мен 10 бас жылқы суға ағып кеткен. Таңертең бұл мәселені арнайы комиссия нақтылайды», – делінген хабарламада.
Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен 6 бірлік техникасы шығып, төтенше жағдай салдарын жойып жатыр.
Ағын су «Соғанды-Бетқайнар» автожолындағы көпірді бүлдірген, Жергілікті атқарушы органдар мен полиция бекет қойып, жол қозғалысын қалпына келтірді.
Сондай-ақ Қордай ауданының бірқатар елдімекендерінде кеше қатты жел тұрған. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар елдімекенде жарық сөнген. Қазір мамандар электр желідер жалған жатыр.
«Беріктас ауылында екпіні 43,5 м/с дейінгі қатты жел тіркелді. Қатты жел салдарынан 18 жастағы тұрғынға ескі сарайдың қабырғасы құлағаны анықталды. Ол аудандық ауруханаға жатқызылды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 47 үйді су басып, 400-ден астам үйдің ауласын сел шайып кеткен болатын.