Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері төмендеген

Жарияланды
пенсия
Зейнетақының орташа мөлшері маусым айында 132 110 теңгені құраған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері төмендеген. Мәселен, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 401 теңгені құраған. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған мәліметтерде шілде айында бұл көрсеткіштің 132 110 теңге болғаны жазылған.

«2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 110 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 479 теңге, базалық зейнетақы – 42 631 теңге», – делінген министрлік хабарламасында.

Солайша бір ай ішіндегі айырмашылық 291 теңгені құрап отыр.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 391 мың адамды құраған. Оларға жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 861,7 млрд теңге сомасына зейнетақы төленген. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 585,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 275,8 млрд теңге қарастырылған.

Еске сала кетсек, Қазақстанның қаржы сарапшылары зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды ұсынды. Сарапшылар жаһандық индекстер мен рейтингтерге, соның ішінде Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингтеріне күмәнмен қарайды. Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiнiң орнықты дамып келе жатқанын дәлелдеу үшiн арнайы есептеулер қажет. Оның ішінде, демографиялық өзгерістер (халықтың қартаюы, туу деңгейі және т.б.), макроэкономикалық өзгерістер (инфляция, табыстың өзгеруі және т.б.), зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кірістер, әлеуметтік осал топқа зейнетақы төлемдерінің параметрлері және т.б.

Сарапшылардың бағалауынша, төмендегі үш шарт орындалған жағдайда зейнетақы қоры қаржылық тұрақты болады:

  1. Жинақтарды мерзімінен бұрын алуға тыйым салу. Оның ішінде, тұрғын үйге, емделуге және басқа мақсаттарға арналған зейнетақы жинақтары бар.
  2. Қызметкердің БЖЗҚ-дағы жеке жинақ шотына жарналар оның жалақысының қазіргідей 10% емес, 15% құрауы тиіс. Әлеуметтік кодекске сәйкес Бірыңғай зейнетақы қорына аударымдар қазірдің өзінде 15% құрайды (10%-ын жұмыскер, 5Ғ жұмыс беруші төлейді). Дегенмен, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) 5%-ы «шартты жинақтаушы құрамдас» форматында жүзеге асырылады.
  3. БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша жоғары инвестициялық кіріс алуы тиіс. Инвестициялық кірістің төмендігі көбінесе Қазақстандағы қор нарығының дамымауымен байланысты.
Сондай-ақ оқыңыз