«ҚазАвтоЖол» жол жөндеуге қатысты құжаттарды ашық жариялаймыз деп уәде берді
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ халықаралық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қайта жаңарту мен жөндеу жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасын ресми интернет-ресурста ашық түрде жариялайды.
Бұл ашық бәсекелестік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарына сәйкес іске асырылмақ.
«Бұл шаралар барлық мүдделі тарапқа ұқсас нысандармен танысуға және болашақ автожолдар саласындағы жобаларға тиімді техникалық-экономикалық көрсеткіштерді таңдауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады компания.
Сонымен қатар сайтта «Мемсараптама» РМК қорытындысын алған автожол жобаларының жобалау-сметалық құжаттамасын алуға арналған бейне-нұсқаулық орналастырылған.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы шілдеде құрылысы 2018 жылы басталған Қарағанды-Балқаш тас жолының алғашқы төрт жолағы ашылды.
Еске салсақ, осыған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттауы мүмкін екенін айтты. Министр елдегі ақылы жолдардың бағасы басқа мемлекеттермен салыстырғанда арзан екенін айтады.
Сондай-ақ Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алады. Қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінеді. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр.